Жетісу облысында 72 жыл бойы күнделік жазған қария тұрады

Жетісу облысында жетпіс екі жылдық өмірін күнделікке жазып, әр сәтін қалт жібермеген қария тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Әлмұхамет Шаяхметұлы күнделік жазуды бала күнінде бастаған. Сөйтіп саналы ғұмырын қағаз бетіне түсірген.

Шыңғыс Қали, тілші:

- Әлмұхамет ақсақал күнделік жазуды 1953 жылы бастаған. Сол кезде ол 8-сыныптың оқушысы болыпты. Бастапқыда құрдастарының оқу үлгерімін мінез-құлқын суреттейді. Кейін өзінің күнделікті өмірін, отбасы, туған-туыстарын және аймақтағы айтулы оқиғаларды қағаз бетіне түсірген.

Әлмұхамет Шаяхметұлы, Қапал ауылының тұрғыны:

- Аталарымыз осындай болыпты. Тіршілігі осындай болыпты деп оқысын сол уақыттағы жағдай қандай болды. Бүгінгі күнмен салыстырып оқысын немерелерім, соны білсін, соларға мұра болсын деп жазып отырмын. Жыл сайын бір кітап толтырам. Денсаулығым жараса, келешекте де толтырам деген ойып бар.

Ақсақалдың жазуы жіпке тізген маржандай, сурет салуға да бейімі бар. Сол қабілетін пайдаланып, кезінде қабырға газетін шығарған. Онда колхоздағы кемшілікті сынап, жұмысына неқұрайлы қарағандардың кескін келбетін  айнытпай бейнелеп әжуалаған. Сатиралық туындыны орталық дүкенге іліп, көпшіліктің назарына ұсынып отырыпты.

Әлмұхамет ақсақалдың жетпіс екі жылдық ғұмырнамасы том-том болып тұр.Күнделігінің біразын үйдің шатырына шығарып қойса, қалғаны қыздың жүгіндей жинаулы. Ара-тұра немерелері алып атасының өмірімен танысады.

Әсем Әлмұхамет, немересі:

- Атаның күнделігінде алдыңғы өмірі мен кейінгі өмірі жазылған. Ол екеуін салыстырсақ, өте қызық әңгіме жазылған. Осы қазақ халқының тарихы, колхоздағы өмірі жазылған. Әркімнің туған күні сағат қаншада өткенін соның бәрін жазады.

88 жастағы қарт өмір бойы колхозда есепші болып еңбек етті. Зейнетке шыққан соң Қапал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық шараларға белсене араласты.

Мейірман Тілеуберлинов, Ақсу ауданының құрметті азаматы:

- «Қарты бар – ел қазыналы ел» дейді. Нағыз қазына сол кісі. Қапал өңірінің тарихын жақсы біледі. Содан кейін ел тартылып тұрады. Өзі де тартымды, сыйлы, құрметті азамат.

Төрт баланы тәрбиелеп өсірген Әлмұхамет Шаяхметұлы өзінің балалық шағы өткен үйде тұрып жатыр. Әкесі соғысқа аттанып, көрген қиындықтары, Бәзилә апамен өткізген 60 жылдық бақытты өмірі ақсақалдың жадында әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Қария өз ғұмырнамасы арқылы әулеттің ғана емес, аймақ тарихының сақталуына да өз үлесін қосып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев