Батысқазақстандық ЖОО-ның бірінде тоқпен жүретін көлік жасап шығарылды

Сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүйткитін электромобильді өнертапқыштар бір жарым жыл құрастырыпты.

Бұдан басқа ғалымдар ауадан су шығаратын қондырғыны да ойлап тапқан.

Мына электрокар оралдық оқу-білім кешенінің тырнақалды табысы емес. 2011 жылы университеттің конструкторлары ВАЗ 2106 көлігінің іштен жану қозғалтқышын алып тастап, электромотор орнатыпты. 2017 жылы салмағы жеңіл болғасын ОКА автомобилін электромобильге айналдырыпты. Ал биылғы токпен жүретін көліктің шанағына шейін өздері құрастырған. Қуаты 4 киловаттық 2 мотор дөңгелек орнатқан.

Закир Хамзин, университеттің Ақпараттық орталығының директоры:

- Ешқандай автокөліктен алмастан, «каркасынан» бастап біздің дүниеміз қылып шығардық. «Solar X» деп ат қойдық. Конструкторлық бюроның аға оқытушылары, жұмысшылары, студенттерімен біргешығарған жоба болды. Өзіндік деңгейіне жеткізіп, дүйім жұртқа көрсеттік, бірақ әлі кейбір жерлерін жасақтап жатырмыз. Бұрынғылар «стальной листтар» болатын, мынаған келген кезде біз көмір пластик материалдар бар, сырты авиа алюминиймен қапталған. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Оралдық өнертапқыштар ойлап жасаған электромобильдің салмағы 300 келіден аспайды. Қуат күші тоқтаусыз 240 шақырымға жетеді. Аккумуляторы 2 жарым сағатта толық қалпына келеді. Ал жылдамдығы сағатына 100 шақырым. Бұдан да жедел жүйткір еді, егер студенттердің қауіпсіздігі үшін оқу орны басшылығы бағдарламаға шектеу қоймағанда. Міне, осы көлікті жасауға небәрі 3 миллион теңге жұмсалыпты.

Егер көлікті зауытта құрастырып, сериялы өндіріске енгізсе, бағасы бұдан да арзанға түседі дейді конструкторлар.

Закир Хамзин, университеттің Ақпараттық орталығының директоры:

- Бұған дейінгі екі электромобильде «коробка передач» арқылы жүретін. Бұған келген кезде тежегіш басқан кезде кейін зарядталатын қылып, мотор колесолар қойдық. Осы бір ерекшелігі болды. Біз үшін маңыздысы – осындай дүниемен жұмыс істей алатын балалар бар екенін, аға оқытушылар бар екенін көрсету.  Өндірістік желіге қойса, кейбір жерлерін әлі жасақтау керек шығар, бірақ біздің ойымызша, әрине қоюға болады.

Оқу орнында бұдан басқа ауадан су шығаратын қондырғыны да ойлап тапқан. Шағын құрал тәулігіне 300 милилитрге дейін тіршілік нәрін өндіреді. Қондырғы қуатын одан да арттырса, ауыл шаруашылығында өсімдіктерді тамшылата суаруға қадеге асады дейді мамандар. 

Алексей Феденев, оқу орнының IT бөлімінің меңгерушісі:

- Қондырғы қыздыру-салқындату принципінде жұмыс істейді. Осы арқылы конденсация жүреді де, ылғал конус арқылы тамшылайды. Қасына 180 квт панель қойса жеткілікті. Күн неғұрлым ыстық болса, су да көбірек өндіріледі. Элементтің екі бетіндегі температура айырмашылығы 67 градусқа дейін жетеді. Егер біздің жаңалығымыз ауыл шаруашылығы үшін маңызды десе, сериялы өндіріске қоюға болады. Онда бағасы да арзандайды.

Оралдық студенттердің ауадан су шығаратын қондырғысы жақында Ресей астанасында өткен байқауда жоғары марапатқа ие болыпты.

 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов