Сарапшылар: ЖИ болашақта 300 млн адамды жұмыссыз қалдырады
Жаһанды жаулаған жасанды интеллект жарға жықпай ма? «Нейрожүйенің дамуы әлемдік экономиканың әлсіреуіне алып келуі мүмкін», - дейді сарапшылар.
Олардың пайымынша, жасанды интеллект болашақта 300 млн адамды жұмыссыз қалдырады. Бұдан бөлек, күннен күнге дамып жатқан бесаспап құрылғыдан төнетін қауіппен қатар ұтымды тұстары қандай?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- 1956 жылы бастау алған бұл бесаспап бағдарлама бүгінде әлемді бағындыруда. Жасанды интеллектінің көмегімен санаулы секундта түрлі анимациялық кейіпке еніп, қажет болса, дауысты да өзгертуге болады. Тіпті дәл осы қазақ тілінде түсіріліп қойған таспаны қытай тілінен бастап тағы 49 тілде сөйлете алатын деңгейге жетті. Бұл жасанды интеллектінің қолынан келетін мүмкіндіктердің бір бөлігі ғана.
Сағаттап созылатын сараптаманы санаулы сәтте дайындап, жоқтан бар жасап, жұмысты жеңілдететін жүйені қолданатындар саны күннен күнге көбейіп келеді. Алайда жасанды интеллектінің жақсылыққа әкелмейтін жақтары да жетерлік. Мәселен, әлемге әйгілі өнертапқыш Илон Маск: «Жасанды интеллект бақылаудан шықса, одан төнетін қауіп ядролық қарумен пара-пар», - деп желіні бір шулатып алған болатын. «Әсіресе, оңай жолмен олжа тапқысы келетіндер үшін бұл таптырмас құралға айналды», - дейді сарапшылар.
Мейіржан Әуелханұлы, жасанды интеллект сарапшысы:
- Супер жасанды интеллект деген дүние шығып жатыр. Енді ол бір ниеті дұрыс емес, кері пиғылдағы адамдардың қолына түссе, ол біздің елге, цифрлық үкіметке, адамдардың қаржылық өміріне әсер етуі мүмкін. Ол онсыз да қазір әсер етіп жатыр.
Қауіптің алдын алу үшін балансты ұстай білу керек. Біздің елде де Президент пәрменінен кейін заңнамалар қамтылған жаңа тұжырымдама қабылданды. Меже 2029 жылға дейін. Мақсат – оқу орындарында машиналық оқыту, кибернетика, жасанды интеллект, робототехника сияқты білім беру бағдарламасын енгізу. Осы сала бойынша озық мамандарды даярлау.
Бейбіт Әбдікенов, IT сарапшысы:
- Шахталарға болашақта 20 жылда мүмкін адамдар емес, роботтар түседі. Ол да бір адамның орнын алмастыру. Және медицина саласы. Өйткені біз қатерлі ісіктен және жүрек ауруынан өте жоғары деңгейдеміз. Ғылым үшін емес, ғылым адамзат үшін жүмыс істеу керек қой. Яғни, күнделікті адамдарға да пайдасын тигізеді.
Дегенмен, аталған тұжырымдама іске аспай жатып та жеткен жетістіктер көп. Стартаптардың басым бөлігі қызмет көрсету сапасын жақсарту, экономикалық өсуді ынталандыру және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту сияқты салаларға бағытталған.
Ербол Ахметов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:
- Higgsfield стартапы. Ол стартап видео генерациялау бағыты бойынша әлемде екінші орын болып табылады. Олар АҚШ-тағы ең көне венчурлық қорлардың бірі Menlo Ventures-тен 16 млн доллар инвестиция тартты. Серебро стартапы. Ол инсультты диагностикалауға арналған 49 инсульт орталықтарында осы жобаны жүзеге асырып жатыр.
Жасанды интеллект Қазақстанда қарқын алғалы көп бола қоймады. Соның өзінде денсаулық, білім, қаржы, энергетика салаларында қолданыста. Ал тұжырымда көзделген алдағы 5 жылда қандай деңгейге жетерін уақыт көрсетеді.
Авторы: Шерхан Абзалұлы