Петропавлда ретро-такси жүргізушісі қызмет көрсетеді
Петропавл қаласында ретро-такси жүргізушісі тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Игорь Шешуринов жұртты көненің көзі болған «Волга» автокөлігімен тасымалдайды. Өткен ғасырдың ортасында шығарылған темір тұлпар әлі күнге дейін жолаушысын жолда қалдырмай жүйткіп жүр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші
- Бұл – әйгілі «Бриллиантовая рука» фильмінен үзінді. Дәл осындай Газ 21 «Волга» автокөлігін петропавлдық Игорь Шешуринов мініп жүр.
Бұл көлікті көшеде көбі таниды. Кейбірі тіпті ішінде отырып көрген. Игорь Шешуринов қалада такси жүргізушісі болып қызмет көрсетеді. Оны шақырған адам баратын жеріне өте сирек кездесетін ГАЗ-21 «Волгасымен» жетіп қалады.
Игорь Шешуринов, такси жүргізушісі:
- Маған жолаушыларды тасыған ұнайды. Олар да көлікке мініп таңқалады. Көбі оның әлі күнге дейін жүріп-тұрғанына таңырқай қарайды. Әсіресе, егде адамдар жастық шағын еске алып, ностальгияға беріледі.
Бұл «Волга» иесінен үлкен. 1965 жылы шығарылған. Игорь Шешуринов оны бір жыл бұрын Шымкентте тұратын досынан сатып алып, Петропавлға өзі айдап әкелді. Кеңестік кезеңде мұндай көліктің 640 мың данасы шығарылған.
Игорь Шешуринов, такси жүргізушісі:
- Біріншіден, бұл – қарапайым көлік. Оңай жөнделеді. Екіншіден – сенімді. Жол талғамайды. Кез келген жерде тоқтамай өте шығады. Қанша көлік мініп көрдім, бұдан артығын көрмедім.
Ретро-такси жүргізушісі алыс сапарға да жиі шығады. Соңғы рет ол Петропавлдан 840 шақырым жердегі Екатеринбург қаласына барып келді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов