Мопед иелері көліктерін заңдастыруды қолға алды
Сәуір айынан бастап елімізде мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі.
Осыған байланысты мопед иелері оларды тіркеуден өткізіп, мемлекеттік нөмір алуы қажет. Егер көлік иесі тиісті құжатарды рәсімдемей, көшеге мопед мініп шығатын болса жауапкершілікке тартылады. Осыған орай Алматыда күн санап екі дөңгелікті техникасын заңдастырсам дейтіндердің саны артып келеді.
Қала тұрғыны Нұржан Дәлелханұлы мопедін тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келді. Бұған дейін ол А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алып, көлігін техникалық байқаудан өткізді. Мопедті мемлекеттік тіркеу алдында өтініш беріледі. Оның техникалық сипаттамалары туралы ақпарат болу керек. Егер сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда оны уәкілетті орган береді. Құжаттар талапқа сай рәсімделгеннен кейін көлік заңды тіркеліп, иесіне техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір табысталады.
Нұржан Сапанов, Алматы қаласының тұрғыны:
«Осындай нөмір алып, алдымен тіркеп алайық. Ертең аяқ асты тіркелмей қалса жол жүру ережесін бұзып... заңды сақтап жүрейік. Өзімнің мопед айдап жүргеніме төрт жыл болды. Енді аккуратно айдап, жол ережесін бәрін сақтап, пешеходттарды қарап ақырындап айдайық».
Сондай ақ көлік иесінен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі талап етіледі. Бүгінге дейін Алматыда 60-тан астам мопед заңды тіркелді.
Айдын Меркімбаев, қалалық ПД Процессинг орталығының басшысы:
«Қандай да бір мопедтің жүргізушісі 16 жасқа келмеген болса оған жүргізуге тиым салынған. Оған айыппұл салуға рұқсат етілген. Сол себепті бұндай жағдайларда ата-анасы жауапкершілікке тартылатын болады».
Бұған қоса жүргізуші тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірсіз мопед айдаса 39 320 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Алматының полиция департаментінің дерегіне жүгінсек қалада 20 мыңға жуық мопед бар. Солардың иелері темір тұлпарларын 5 сәуірге дейін заңдастырып үлгеру керек. Мұндағы мақсат қала жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру. Ал мопедті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.
А. Садуақас, С.Жұмабаев