Атырау облысында тарихи жәдігерлер табылды

Облыс орталығында «Сармат алтындары» атты біркүндік көрме өтті, деп хабарлайды 24KZ. Онда Атырау облысында табылған, бұрын-соңды еш жерде кездеспеген тарихи жәдігерлер қойылды. Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңындағы обаларды қазу кезінде табылған алтын, күміс бұйымдар, асыл тастардан жасалған әшекейлердің сармат дәуіріне тиесілі екені белгілі болды. Тіпті оның кейбірі бұрын қазақ даласында кездеспеген.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандары зерттеген қорғанның диаметрі 70 метр, биіктігі 3 метр. Археологиялық олжа Атырау өңірін сармат тайпалары мекендегенін, оның ішінде қолөнер мен әскери өнердің, діни рәсімдердің дамығанын көрсетеді. Табылған алтындар дәл сол күйінде сақталыпты. Мамандар әлі зерттеу жұмыстары жүргізіле түсетінін айтады.

Мұхамбетқали Кипиев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:

- 2,5 мың жыл бұрынғы дүниелер жердің астында сақталуы мүмкін емес. Тек қана алтын, күмістің өзі, әрине, тот басқан, бірақ алтын дүниенің бәрі солай қанша жыл өтсе де, жылтырап, өзінің көркін жоймаған қалпында жетіп отыр. Алдын ала зерттеуіміз бойынша көптеген дүниелер біздің Атырау облысында мүлдем табылмаған, екіншіден, Қазақстанның өңірінде де әлі күнге дейін табылмаған мына «сынама тас» деген бар, олардың барлығы Қазақстанда жоқ әзірге. Біз ондайды әлі көргеніміз жоқ. Сондықтан әлде де зерттеуді қажет етеді.