«Қызылорда – Жезқазған» жолының 151 шақырымына асфальт төселді

Көптен күткен «Қызылорда – Жезқазған» автожолының Сыр өңірі аумағындағы 192 шақырымы қайта қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бүгінде оның 151 шақырымы толық асфальтталып, пайдалануға берілген. Ал қалған бөлігінің құрылыс жұмыстары қашан аяқталады және жол сапасы қалай қадағаланады?

Күрежолдың Қызылорда облысына тиесілі 192 шақырымын жөндеу жұмыстары екі жыл бұрын басталды. Бүгінге дейін 151 шақырымы толық асфальтталып, пайдалануға берілді.

Ерсайын Мұзафар, «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Асфальт конструкциясы үш қабаттан тұрады. Ол: негіздеменің жоғары қабаты, жабынның төмен қабаты, жабынның жоғары қабаты, ШМА 20 дейміз. Бұл жерде толық осы үш қабат біткеннен кейін жол белгілері, жол таңбаларын орнатып, жол қозғалысын ашу, автокөліктер бойынша.

Қызылорда мен Астана арасында жолаушы тасымалдап, нәпақа тауып жүрген жандардың бірі – Асқар Айбазаров. Оның айтуынша, Қызылорда облысы аумағына тақтайдай тегіс асфальт төселгелі уақыт үнемделе бастаған.

Асқар Айбазаров, қала тұрғыны:

- Бұрын біз Жезқазғанға 7 сағатта баратын болсақ, қазір 5,5 сағатта барып жатырмыз. Өйткені Қызылорданың жолы өндіріп тұр. Тегіс асфальтпен жүріп отырғаннан кейін өндіріп тұр. Әрі қарай Жезқазған, Ұлытау облысының шекарасының жолы ертерек бітсе, бізге сол жақсы болар еді.

Жол сапасына жауапты мамандар былтыр 1760 сынама алып, бірқатар кемшілік анықталған. Олар құрылыс материалынан бастап, асфальттың тығыздығына дейін тексерген.

Ержан Османов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ОФ бөлім басшысы:

Ақаулар мен сәйкессіздіктер бойынша мердігер өз есебінен 93,9 миллион теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Оған 14 мың шаршы метр негізгі қабат жұмыстары және 3560 шаршы метр асфальт бетон жабындысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

«Қызылорда – Жезқазған» жолы екі жолақты болады. Ені 9 метр. Мамандардың жоспары бойынша жол құрылысының қалған 41 шақырымы биыл толық аяқталады. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.