Елімізде иппотерапия мамандары тапшы

Елдегі мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыратын иппотерапия орталықтарында маман тапшы, деп хабарлайды 24KZ.

Басқа өңірлерді айтпағанда мұндай мәселе Астананың өзінде бар.

Мәселен былтыр елордадағы ат-спорттық сауықтыру кешенінде ашылған иппотерапия бөлімінде бар жоғы 14 маман қызмет етеді. Ал бұл орталыққа ем іздеп келетін бала саны 100-ден асады.

Иппотерапия аутизм, церебралды сал ауруы, психикалық бұзылыстары бар жандар үшін сауықтырудың ерекше түріне жатады. «Оның негізгі пайдасы, біріншіден, тірек-қимыл жүйесін реттесе, екіншіден, мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіруге көмектеседі», – дейді мамандар.

Әмина Есина, нұсқаушы:

- Дені сау баланың дамуы қалыпты жүреді. Ал туғаннан тірек-қимыл жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін балалар баяу дамиды. Оларға өздігінен қимылдау, жүру қиын. Ал жылқы баланы қалыпты жүруге жаттықтырады. Бала жылқы үстінде отырғанда оның жүрісін сезеді де, соған бейімделе бастайды. Сондықтан міндетті түрде түзу жүрісті жылқылар таңдалады. Ақсаңдамауы керек, оны да үнемі тексеретін мамандар бар.

Бұл жерге келген бір балаға 3 бірдей маман қызмет көрсетеді. Біреуі ат жетектеп жүрсе, қалған екеуі баланы бақылауы керек. Дәл қазір ат-спорттық сауықтыру кешенінде ат жетектеушіден бастап, нұсқаушыға дейін бас-аяғы 14-ақ адам жұмыс істейді. «Бұл өте аз», – дейді кадр бөлімінің басшысы.

Әділхан Төкенов, ат-спорттық сауықтыру кешені заң, ұйымдастыру және кадр бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда біздің енді ең басты, өзекті мәселе – ол жылқы мәселесі емес, кадр мәселесі. Өйткені шектеулі кадр, 14 адам бар иппотерапия құрамында, 10 атымыз бар. Қазір кадрдың шектеулігіне байланысты біздің мүмкіндігіміз де шектеулі. Балалардың да санын біз сол себепті көбейте алмаймыз.

Ғалымдардың айтуынша, ат үстіндегі жай ғана жүріс адам денесінде 110 тербеліс тудырады екен. Яғни, барлық буын қозғалады деген сөз. Сондықтан иппотерапия ағзамызды нығайтудың ең жақсы тәсілдерінің бірі деуге болады.

Қайрат Ысқақов, ат жетектеуші:

- Өзім балам ДЦП, кішкентай кезінде иппотерапияға апаратынбыз. Жұмысшылар керек болған соң баламды әкеліп, өзім де жұмыс істеп жүрмін сол. Атқа отырғызып, сіңір, аяқ, бұлшық еттері тартылып қалған ғой, дұрыс жүре алмайды. Ал мынаған отырған кезде 1-3 минуттан кейін денесі босап, дұрыс отыра алады, өз-өзін ұстап, бұлшық еттері босайды.

Иппотерапияның физикалық тұрғыдағы пайдасынан бөлек, әлеуметтендіруде де нәтижесі көп. Мұндағы ерекше балалар емделіп қана қоймай, параспорттық Олимпиадаларға да қатысып жүр. Олардың екеуі алтын, біреуі күміс жүлдегер атанып үлгерген.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мұрат Әріпханов.