Елімізде сәбилердің сарғаю синдромы жиілеп барады

Кейінгі жылдары елде сәбилердің сарғаю синдромы жиілеп барады, деп хабарлайды 24kz.

«Оған басты себеп – жүктіліктің жоспарланбауы»,  -дейді дәрігерлер. Мұндай дерт шала туған шақалақтардың шамамен 80%-інен, ал айы-күні жеткен нәрестелердің тең жартысынан анықталып жатыр.

Мейрамгүл Көшірбаева төртінші жүктілігінде егіз босанды. Дәрігерлер үшінші тәулікте шақалақтардан сарғаю синдромын байқаған. Оларға дер кезінде фототерапия курсы қолданылды. Анасының айтуынша, кейн сәбилердің жағдайы жақсара бастаған.

Мейрамгүл Көшірбаева, көпбалалы ана:

- Төртінші, бесінші балаларым. Оған дейінгі балаларда да болған. Көбінесе үй жағдайында терезеге қой деп жатады, бірақ лампамен тезірек әсері байқалып жатыр.

Сарғаю синдромы сәбидің үшінші немесе төртінші тәулігінде пайда болуы мүмкін. Егер оған дейін ана мен нәресте перзентханадан шығарылған болса, тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінуі тиіс. Дәрігердің нұсқауымен, фототерапия курсын үйден де алуға болады.

Нұрайым Саттар, қалалық перинаталдық орталығының  медбикесі:

- Фототерапия 24/7 қойылады. Мамаларына біз береміз баланың сарысы пайда болса. Мамасы емізетін кезде ғана алуға болады. Одан кейін бірыңғай фотода жата береді балалар. Врачтың тағайындауы бойынша қойылады.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауруға болашақ ананың денсаулығын күтіп ұстамауы себеп болып жатады. Астанадағы қалалық перинаталды орталығының өзінде 2024 жылы дәл осындай диагнозбен 750 сәбиге медициналық көмек көрсетілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жүзге көп. Оның үстіне үйден емделген нәрестелер тағы бар.

Гүлмира Оразбекова, неонатолог-дәрігері:

- Себебі көп оның. Бірден бір себептері ананың денсаулығы. Жүктілік кезінде аналарымыз ауырып жатса, дәрі-дәрмек қабылдаса, сәбилер сарғыш болуы мүмкін. Соңғы жылдары көбейгені байқалады. Шала туған нәрестелерде көбінесе кездеседі, 80% дейміз оларда. Жетілген сәбилерде 50% кездеседі.

Сарғаю синдромын дер кезінде емдемесе, сәбидің дамуына, соның ішінде миының жетілуіне кері әсер етеді. Сондықтан мамандар ата-аналарға нәрестені уақытылы медициналық тексерістен өткізуге кеңес береді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев