«Қазақстан халқына» қоры сәулемен емдеудің заманауи құрылғыларын алды
Медицина саласы дамыған сайын онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші артып барады, деп хабарлайды 24kz.
Қазақстанда жылына орта есеппен 40 мың адамнан қатерлі ісік анықталады. Былтыр мыңнан аса науқас заманауи медициналық құрылғылар арқылы тегін сәулелі терапия ала бастады. Игі іс «Қазақстан халқына» қорының арқасында жүзеге асып отыр. Елдегі қайырымдылық іс-шараларға тоқталсақ. Негізінен қай салаларға басымдық беріліп жатыр?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Жалпы барлық сала қамтылып жатыр деуге болады. Алайда жоғарыда аталған «Қазақстан халқына» қорын мысалға алсақ, қордағы қаражаттың жартысынан астамы, яғни, 252 млрд теңгенің шамамен 132 млрд-ы медицина саласына бағытталып отыр.
Мәселен, таяуда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық жобасы шеңберінде елордадағы радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталығына екі бірдей медициналық құрылғы орнатылды. Олар – «Somatom Go. Sim» КТ-симуляторы және «True Beam 6484» желілік үдеткіш аппараты. Бұл жүйелер науқастарға дер кезінде топометрия жүргізуге және емдеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Осы жылдың I тоқсанында 170-ке жуық науқас топометрия тексерісінен өтсе, True Beam үдеткіші арқылы 76 науқас жоғары дәлдікпен сәулелі терапия алды. «АҚШ-тың бұл тың технологиясы онкологиялық дертке шалдыққандардың өмірін бірнеше жылға ұзартады», - дейді мамандар.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы:
- Бүгін Астанада көріп жатқан құрал жабдықтарына 3 млрд-тан астам қаражат бөлінген. Және де бұл жерде 10 жылдан асқан құрал-жабдықтарға апгрейд жасадық. Оған 200 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Бұл қаражат аз емес. Бірақ біздің осы саладағы науқастарымыздың денсаулықтарына қосып жатқан үлесіміз.
Мұхтар Төлеутаев, қалалық көпсалалы медицина орталығының директоры:
- Бұл қондырғының ерекшелігі – ең кішкентай көлемдегі ісікті сапалы және сәулені үнемдеп емдейді. Соның арқасында өкпе обыры, бас миының обыры сияқты ауруларды емдеуге мүмкіншілік беріп отыр.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бағдарламасы шеңберінде отандық онколог мамандар шетелде біліктілігін арттырды. Былтыр 250-ге жуық маман Испания, Германия және медицина саласы дамыған көрші елдерде тағылымдамадан өтті.
Айша Молдашева, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- «Қазақстан халқына» қоры 2023 жылдан бері 15 таргеттік препаратпен біздің пациенттерді емдеуге мүмкіншілік берді. Бұл емдер қазіргі таңда заманауи, Қазақстанда тегін әрі тұрғылықты жері бойынша алуға мүмкіндік береді. Сондықтан дәрігерлердің, онкологиялық орталықтардың және науқастардың атынан алғысымызды білдіргіміз келеді.
«Қазақстан халқына» қоры құны 180 млрд теңгеге жуық жеке қайырымдылықты тарта отырып, 92 бағдарламасын сәтті жүзеге асырды. Ал былтыр тасқыннан зардап шеккен 600-ден астам отбасыға үй салып берді.
Арман Балтабайұлы, жүргізуші:
- Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық жобалары шеңберінде құны 1 млрд 300 млн теңгеге тең көмек беріліпті. Бұл қандай көмектер?
Елімізде тағы бес эндаумент қоры құрылуы мүмкін
Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашы болған бір емес, бірнеше жоба бар. «Мектепке жол», «Қамқор», «Жүректен жүрекке». Соңғы аталған жоба бойынша былтыр тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жалпы құны 800 млн теңгеге тең азық-түлік, дәрі-дәрмек пен бірінші қажеттіліктегі заттар жіберілді. Ал «Мектепке жол» науқаны шеңберінде 7 мыңға жуық оқушыға жалпы құны 260 млн теңге болатын киім-кешек пен құрал-жабдық сатып алынды. Бұдан бөлек, жақын арада елімізде өз алдына тағы 5 эндаумент қоры құрылуы мүмкін. Оның капиталы 50 млрд теңге болады деген болжам бар. Қазір Мәжілісте «Мақсатты капитал қорлары туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Эндаумент қоры инвестициялық құрылымның және коммерциялық емес қайырымдылық ұйымдардың қызметін біріктіреді. Бүгінде елімізде 22 эндаумент-қор жұмыс істейді.
Елжан Үсібәлі, сарапшы:
- Заң жобасы негізі өте керек. Неге? Өйткені оны пайдаланушы тек қана біз, эндаумент қорлары емеспіз. Оны пайдаланушы – ең аяғында ол біздің халық. Халық дегенде: институтта оқитын оқышулар, студенттер, ауруханадағы науқастар, емделіп жатқан кісілер. Театрға барып, спектакль көретін кісілер деген сияқты. Сондықтан институт, эндаумент қорлары деген ол өте маңызды.
Шетелде мұндай қорлар әлеуметтік саланы қаржыландырады. Әсіресе, білім беру мен денсаулық сақтау саласына назар аударады. Эндаумент қорының басты ерекшелігі – заңды және жеке тұлғалардан түскен қаражат бірден жұмсалып кетпейді. Ол ақша инвестицияға салынады. Ал әлеуметтік бағдарламалар тек инвестициялық табыс есебінен қаржыландырылады. Жаңа заң қабылданса, жеке коммерциялық ұйымдар елдің әлеуметтік саласын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік алады. Жалпы бүгінде елде 275 мың волонтер, 755 волонтерлық ұйым және 2 мың бастамашыл топ бар. Былтыр Қазақстан еріктілерінің қатысуымен 6 мыңға жуық іс-шара өткізілді.