Ақтөбе облысында қайтарылған қаражатқа медициналық мекемелер ашылды

Ақтөбе облысының ауылдарында қайтарылған активтер қаражаты есебінен жаңа медициналық мекемелер ашылды.

Өңірдің 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар Мұғалжар ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Ол Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа және "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасына сәйкес салынған. Жобаның жалпы құны 300 млн теңге. Амбулатория тәулігіне 45 келушіге есептелген. Сондай-ақ бұған дейін Байғанин ауданының Ноғайты ауылында фельдшерлі-акушерлік пункт және Ырғыз ауданының Жарма ауылында қуаты тәулігіне 25 келушіге арналған медициналық пункт пайдалануға берілген болатын.

Жаңылсын Қонаева, Мұғалжар ауылының тұрғыны:

- Бүгін бізде қуанышты күн. Ауылымызда көптен күткен амбулатория ашылып жатыр. Бұл Мұғалжар халқы денсаулығының кепілі деп есептеймін. Ауылымыз аман болсын.