Қазақстанда сүт безі обыры таралуы жағынан бірінші орында тұр
Әлемде әр 19 секунд сайын бір әйел сүт безі обырына шалдыққанын естиді.
Қатерлі ісіктің бұл түрі біздің елде де бірінші орында тұр. Мамандар сүт безі обырын анықтауға арналған скринингті елемеуге болмайды дейді.
Жаһандық зерттеулер алғашқы тексерісті қалт жіберген науқастардың өлім қаупі 40 пайызға жоғары екенін көрсетті.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Сүт безі обыры елімізде ең көп кездесетін қатерлі ісік саналады. Көрсеткіш 15 жылдан бері өзгермеген. Тек ерте диагностикалаудың арқасында өлім-жітім азайды.
Мәселен, Алматыда биыл 60 мыңнан астам әйел скринингтен өтті. Өкінішке орай, 100-ден астамы дертке шалдығыпты. Ісіктің 62%-ы бірінші кезеңде анықталды. Әдетте сүт безі обыры 40-76 жас аралығындағы әйелдерде кездесетін. Бірақ кейінгі жылдары науқастардың жасарғаны байқалады.
Ербол Бекмұхамбетов, ҚазорҒЗИ Басқарма төрағасы:
- Ерте анықталған қатерлі ісіктің 1-2 сатысында толық емдеуге болады. Бұл қаржы жағынан да тиімді. Мысалы, бірінші сатыдағы сүт безі обырын емдеу орташа есеппен 200 мың теңге болса, 3-4 сатыдағы ісікті емдеу – 20 миллион теңгеге баруы мүмкін. Сондықтан біздің негізгі жұмысымыз ерте анықтауды жақсартуға бағытталған.
Елде жыл сайын 5000 адамнан сүт безі обыры анықталады. Мыңға тарта әйелдің ғұмырын қиятын да осы дерт. Мамандар дер кезінде белгілі болған қатерлі ісікті жою мүмкін дейді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, былтыр науқастардың 14 пайызында енді-енді өскіндеп келе жатқан сүт безі обыры анықталған. 98% жағдайда ісік I–III саты аралығында белгілі болды. Ал кеш анықталған, яғни 4-сатыға өтіп кеткен науқастардың үлесі 4,2%.
Сүт безі обыры:
Жаңа өскін — 13,9%
I–III саты — 98%
IV саты — 4,2%
Мұхтар Төлеутаев, Астана қаласы көп салалы медициналық орталығының директоры:
- Ісік жаңа ғана басталып келе жатқанда соны диагноз қойып, емдеу жолы да жылдам болады, арзан болады. Адамға да ешқандай өмір сүруіне ағзасына ешқандай зиян келтірмейтін жағдайда диагноз қойылады да, ол адам құлан таза болып, емделіп шыға алады.
Біле жүріңіз, биылдан бастап скрининг кепілденген медициналық көмек аясында жасалады. Яғни МӘМС-те жарнасы жоқтар да мұндай бағдарламаға тегін қатысуға құқылы. Қазір елде 230 мың адам қатерлі ісік бойынша есепте тұр.
Мұхтар Төлеутаев, Астана қаласы көп салалы медициналық орталығының директоры:
- Қатерлі ісіктердің ішінде бірінші орында сүт безінің обыры әйел адамдарда. Екінші орында тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігі. Үшінші орында өкпенің обыры. Асқазанның обыры, ұйқы безінің обыры. Дүниежүзінде де осы сырқаттардың арасында біреуі бірінші, ең көп кездесетін бірінші орында деп айтуға болады енді.
Бүгінде жаңа скринингтік тесттер, жасанды интеллектімен жасақталған маммография сыналып жатыр. Бұл әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың алдын алуға сеп. Әйткенмен мамандар жылына бір рет толық медициналық тексерістен өтуді міндеттеу қажет дейді. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал.
Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап