Сарапшы: «Қазақстанның даму қарқыны жоғары»
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері саяси, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетіп келеді. Екі ел көптеген салада сенімді серіктестікке қол жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жөнінде Абу-Дабиде өткен дипломатиялық қабылдауда айтылды. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған кең ауқымды басқосуға әмірлік үкіметі мен басқарушы әулет өкілдері, халықаралық ұйым және жергілікті бизнес жетекшілері жиналды. Қазақ-әмірлік қатынасы ғана емес, елімізде іске асқан ауқымды өзгерістер таныстырылды. Былтыр Араб Әмірліктері Қазақстан экономикасына 1 млрд 600 млн доллар инвестиция салды. Кешенді экономикалық әріптестік келісімі күшіне еніп, тауарлардың 85 пайызына баж салығын төлеу міндеті жойылды. Логистика, энергетика, инфрақұрылым және білім беру салаларында тағы бірқатар бірлескен бастама қолға алынды. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жолға қойылды. Ал таяуда араб жерінде қазақстандық көлік жүргізу куәлігі ресми түрде мойындалды.
Халед Мүбәрак Әл Кенди, «Emirates Global Education Investment Group» басшысы:
– Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымын. Өзара экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстар жыл сайын нығая
түсуде. Қазақ жеріне алғаш барған кезімнен бері инфрақұрылымның жаңарып, түрлі салада жетістікке қол жеткізгендердің көбейгеніне куә болып жүрмін. Соның арқасында Астанада халықаралық мектеп аштық.
Достық бен әріптестігіміз жалғасын таба берсін.
Республика күніне арналған іс-шарадан кейін Дубайдың «Бурдж-Халифа» мұнарасында қазақтың көк байрағы бейнеленді. Туымыз нысанның қасбетінде көрініс тапты. Ерекше сәтті елден жырақта жүрген отандастарымыз тамашалады. Биіктігі 828 метр болатын ғимараттан кез келген мемлекет нышаны көрсетіле бермейді. Қазақстан туы алып экраннан алғашында 2020 жылы жарық көрді. Содан бері әр атаулы мерекеде дәстүр жалғасып келеді. Бас консулдық бастамасын әмірлік тарапы қолдап, осындай тарту жасайды. Еш ақы талап етпейді. Жалғыз Дубай емес, Абу-Даби билігі де Қазақстан халқын өзіндік үлгіде құттықтады. Adnoc мұнарасының қасбеті көк туымызбен көмкерілді.
Нұржамал Қоблан, Қазақстан азаматы:
– Осында көп қазақтар келіп, қуанып жатыр. Шетелдік таныстаныма жіберіп жатырмын. Бізді, яғни Қазақстанды біледі дедім. Достығымыз өрлей берсін! Осындай жақсы күндер көбейсін.