Семейде Орталық Азия аймақтық Планетарлық денсаулық сақтау орталығы ашылды

Семей медицина университетінің базасында Орталық Азия аймақтық Планетарлық денсаулық сақтау орталығы ашылды.  

Ондағы мамандар халықаралық ұйымдар және медициналық білім беретін университеттермен бірлесе жұмыс істейді. Мақсат- әлемдік сын-қатерлерге төтеп бере алатын денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Нысанның Орталық Азияда баламасы жоқ, дейді мамандар. Ашылу салтанатына университет басшылығы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мен, Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті секілді жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Әлем бойынша тоғыз планетарлық денсаулық сақтау орталығы бар. Орталық Азияда мұндай ұйым болмаған. Енді қазақстандық ғалымдар да планетарлық денсаулық тұжырымдамасын дамытуға  атсалысады.   Олар медицина, экология және биологияны бір жүйеге тоғыстырып, ғылыми зерттеулермен айналысады.

Алтай Дюсупов, Семей медицина университетінің ректоры:

- Аймақта  жаһандық сын-қатерлерді шешуде сектораралық тәсілді қолданудың маңыздылығы мен қажеттілігінің артып келеді. Аталған орталықтың ашылуы осыны айқын көрсетіп отыр. Бұл ретте аймақтық Орталық Азия денсаулық сақтау орталығының ашылуы стратегилық мәнге ие.

Орталықтың ашылу рәсіміне Абай облысы әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасының, Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің, серіктес жоғары оқу орындарының  өкілдері қатысты. Салтанатты шара аясында баяндамашылар планетарлық денсаулық тақырыбындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Виджай Кумар, Орталық Азия аймақтық планетарлық денсаулық сақтау орталығының директоры:

- Адам денсаулығы қоршаған ортаның жағдайымен тікелей байланысты. Ауаның ластануы, судың тапшылығы және сапасыз өнім тек экологияға емес, адам денсаулығына да кері әсер етеді. Ал планетарлық денсаулықты сақтау ұйымының мақсаты адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтуға бағытталады.

Шара соңында Семей медицицна университеті мен БҰҰ университетінің Бельгиядағы филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мазмұнына сәйкес, тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, ортақ мәліметтер жариялау, магистрлік және докторлық бағдарламалар бойынша ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков