Қазақстанда электронды рецепт жүйесін енгізу жоспарланып отыр
Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылау және рецептімен берілетін препараттардың сатылуын реттеу мақсатында бірыңғай цифрлық жүйе енгізілмек. Жаңа жүйе арқылы дәрігердің дәрі тағайындауынан бастап, оны пациенттің дәріханадан алуына дейінгі барлық процесс электронды форматта бақыланады. Жобаны келер жылдың екінші тоқсанынан бастап іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру департаментінің басқарма басшысы Бауыржан Мелдебай «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Ең негізгі процесс – медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмекті жазып беріп, одан кейін пациентті қажетті препаратпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бірқатар медициналық ұйымдар өздерінің ақпараттық жүйелерін орталық жүйемен интеграциялау арқылы мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектердің қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік алып отыр, – дейді Бауыржан Мелдебай.
Келесі кезеңде дәріханаларда берілетін рецептілерді толықтай электронды форматқа көшіру көзделген. Ол үшін дәріханалардың ақпараттық жүйелерін орталық базаға қосу жұмыстары жүргізілуде. Алдымен дәріханалардың тізімі анықталып, олардың техникалық мүмкіндіктері зерделенеді. Бұдан бөлек, қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарға да өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Электронды рецепт жүйесі антибиотиктер мен рецептімен босатылатын өзге де дәрілердің айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, пациент дәріханаға барған кезде өзінің рецептісін немесе тиісті жеке мәліметтерін көрсетеді. Дәріхана жүйесі орталық базадан дәрігердің тағайындауын тексеріп, препаратты сол мәліметтер негізінде береді.
Қағаз рецептілерден толықтай бас тартып, электронды форматқа көшу арқылы дәрі-дәрмекті босату процесінің ашықтығын қамтамасыз етеміз. Орталық жүйеде нақты қай пациентке қандай дәрі тағайындалғаны көрініп тұрады. Осылайша, дәріні тағайындау және босату тәртібі цифрлық бақылауға алынады, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Жүйеге барлық дәріхана бірден қосыла ма? Бұл мәселе әзірге пысықталып жатыр. Алдымен пилоттық жоба іске қосылып, оған қатысатын дәріханалар анықталады. Сынақ кезеңінің нәтижесіне қарай жүйені кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланған.
Сонымен қатар жаңа жүйеде азаматтардың жеке медициналық деректерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Министрлік өкілінің айтуынша, пациенттердің диагнозы мен өзге де медициналық мәліметтері қорғалған орталықтандырылған ақпараттық жүйелерде сақталады.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі біз үшін әрдайым бірінші орында. Пациенттің жеке деректері кез келген адамның қолжетімділігінде болмайды. Барлық мәлімет арнайы қорғалған серверлерде сақталып, құзыретті мемлекеттік органдардың бақылауында болады, – деді Бауыржан Мелдебай.
Жалпы, электронды рецепт жүйесін енгізу дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын арттыруға, препараттарды тағайындау мен босатуды бақылауға және қағаз құжат айналымын азайтуға бағытталған. Ал жүйенің толыққанды жұмыс істеуі медициналық ұйымдар мен дәріханалардың ақпараттық платформаларын өзара байланыстыруға тәуелді.