535 мың адам қант диабетіне шалдыққан
Халықаралық диабет федерациясының мәліметіне сүйенсек, әлемде 540 миллионға жуық адам қант диабетіне шалдыққан. 95 пайыздан астамын 2-типті науқастар құрайды. Созылмалы сырқаттың бұл түрі әдетте, ересектер арасында жиі ұшырасатыны рас, алайда қазір жеткіншектерден де жиі кездеседі.
«Басты себеп - майлы, ащы, тәтті және қуырылған тағамдарды шектен тыс мөлшерде тұтынуда», - дейді мамандар. Қазақстанда қант диабеті бойынша былтыр 480 мыңнан аса азамат тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 530 мыңнан асып жығылған. Оның 5 мың 700-ге жуығы балалар. «Диабеттік ата-аналар комитеті» директорының сөзінше, сырқатты келер жылы әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінен алып тастаса, науқастардың саны артып, көмекке мұқтаж жандардың қатары артатыны анық.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Қант диабетімен ауыратын науқастардың 96 пайызы бүгінгі таңда сақтандыру жүйесінде сақталған. Екіншіден, мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі ол тек базалық көмекті қамтиды да әрі қарай оның барлық емі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүргізіледі.
Руслан Зәкиев, «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры:
- Сонда МӘМС жүйесіне тіркелмеген төрт пайыз адамдарды сондай қайтпекпіз? Ол шамамен екі мыңға жуық адам. Олар инсулин алуға керекті 52 мың теңгені қалай табады? І типті қант диабеті бар азаматтардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Мәселен, өзімнің үш балам І типті қант диабетімен ауырады. Оның екеуі 18 жастан асты. Қызым колледжді аяқтады. Алайда созылмалы дертіне байланысты, мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Себебі қандағы қант деңгейі түсіп кетсе, ол мүлдем жұмыс істей алмай қалады. Жағдайын түсінетін жұмыс берушіні табу қиын. Тапқанның өзінде, олар төмен жалақылы қызметті ұсынады.