Зейнетақы қаржысын көз еміне жұмсауға тыйым салынды
Енді зейнетақы қаражатын офтальмологияға да пайдалануға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі осындай өзгеріс енгізді. «Отбасы банктың» хабарлауынша, соңғы айларда көз еміне сұраныс күрт артқан.
15 қыркүйекке дейін айына 174 өтінім мақұлданса, стоматологияға шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш жеті есе өсті. Бұл мамандардың күмәнін тудырса керек. Ақшасын алып үлгермеген азаматтардың жайы не болмақ?
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емге жұмсағандардың бірі - Айгүл Идрисова. Шекті межеден артылған ақшаға ол тісіне имплант, тізесіне протез салдырған. Осылайша, қорда жылдап жиналған қаржыны денсаулығын қалпына келтіруге пайдаланған. Ал келер жылы зейнетақы жинақтарының көмегімен баласының көзін емдеуді жоспарлаған еді. Алайда «ойын» шарты тағы өзгерді.
Айгүл Идрисова, қала тұрғыны:
- Әрине, зейнетақы қорында шекті межеден артық ақшаны көзді еміне жіберуге мүмкіндік беру керек. Менің баламда астигматизм, миопия, көзі нашар көреді. Егер оны өзіміз емдетсек, 800 мың теңгеге шығады. Бұл мен үшін өте көп қаражат. Сондықтан көктемде зейнетақы жинақтарынан артылған ақшаға баламның көзін емдетемін деп жоспарлап жүргенмін. Алайда офтальмологиялық қызметті қазір алып тастады. «Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын пайдалану шарттарын өзгертеді деген үміттемін.
Отбасы банк 4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтерті төлеуге өтінім қабылдамайды. Оған осы қызметке сұраныстың жеті есе өсуі себеп болған. «Көзді емдеймін деушілердің күрт көбеюі бірден күдік тудырды», - дейді мамандар. Дегенмен бірыңғай оператор осы күнге дейін жіберілген барлық өтінімдер қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралатынын хабарлады.
Назерке Ғалым, «Отбасы Банк» АҚ баспасөз хатшысы:
- 15 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» стоматология бағыты бойынша өтінім қабылдау жабылғаннан кейін біз офтальмология бойынша өтінімдердің күрт өскенін байқадық. Мысалы, осыған дейін айына 700-ге жуық өтінім қабылдасақ, бұл жеті есеге өсіп кетті. 2024 жылы осы бағыт бойынша 1381 өтінім мақұлданыпты. Ал биыл көрсеткіш 6000-ға жетіп отыр.
Қазақстандықтардың шамамен 30 пайызында мипопия кездеседі. Олардың жартысына жуығы көздің лазерлік коррекциясына мұқтаж 20-мен 40 жас аралығындағы азаматтар. Офтальмолог Әйгерім Серікбайқызының осылай дейді. Оның айтуынша, ауру асқынып, көру қабілетінен айырылып қалмау үшін уақытылы ем жасау маңызды. Десе де әлемдегі бір де бір мемлекетте мұндай операция сақтандыруға кірмейді. Себебі оны адам өз қалауымен жасатады. Ал зейнетақы қаражаты кератоконус ауруы кезінде қолданылып келді.
Әйгерім Төлетова, Көз аурулары қазақ ҒЗИ офтальмолог дәрігері:
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы кросслинкинг операциясы қаржыландырылды. Ол кератоконус кезінде көздің қасаң қабығын емдеуге арналған заманауи әдіс. Алайда Қазақстанда ол сирек кездеседі. Ал көз ауруының ішінде миопатия жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сай 2050 жылға қарай әлем халқының жартысына жуығы миопиамен ауыруы мүмкін. Бұл дегеніміз — 5 миллардтан астам адам. Демек алдағы уақытта көру қабілеті нашарлаған адамдар көбеуі әбден мүмкін. Бұл — ауруды ерте анықтау, тексеру және емдеуге сұраныс артатынын білдіреді.
Зейнетақы қаражатына көз емдейміз деп, көзбояушылықпен айналысқандар да болуы мүмкін. Банк өтінімдерде ең жиі кездесетін емдеу орындарына тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде қағазда көрсетілген кейбір клиникалардың шын мәнінде жоқ екені анықталды.
Назерке Ғалым, «Отбасы банк» АҚ бапасөз хатшысы:
- Біз ресми оператор ретінде бірнеше күдікті жайттарды анықтадық. Атап айтатын болсам, мысалы, бірнеше азамат өтінім береді. Бір клиниканы ғана таңдайды. Алайда мекенжайлары әртүрлі жерде орналасқан, әртүрлі қалаларда орналасқан. Біздің банк қызметкерлері бұл мекенжайларды тексерген кезде, ешқандай клиника болмай шықты. Сол себепті бұл — БЗЖҚ қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны болуы ықтимал.
Ал қазір «Отбасы банк» офтальмологиялық қызметке қатысты 15 мыңнан астам өтінімді қарап жатыр. Олардың нәтижесі құжаттарды толық тексергеннен кейін ғана белгілі болады.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өрден Жарқын