Медициналық туризмнің әлеуеті артып келеді

Үш жылдың ішінде елге ем алуға келген шетелдіктердің саны 11 есе өсті.

Отандық медицинаның қызметіне жүгінгендердің көбі көрші мемлекеттердің азаматтары. Сондай-ақ дертіне дауа іздеп мұхиттың арғы бетінен келгендер де бар. Бұл жайлы биылғы сұхбатында қазақ басшысы да баса айтқан еді. Қазақстандық ақ халлаттылардың қай қызметіне сұраныс жоғары? 

Бұл Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы. Мұнда қазақстандықтармен қатар шетелдік науқастар да он жылдан бері ем алып келеді. Осы уақыт ішінде ауруханада Ресей, АҚШ, Канада және басқа да елдерден келген 5 мың азамат емделген.

Қайрат Қазбеков, ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының бөлім басшысы:

- 2023 жылдан бастап, біз шетел азаматтарына медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы бағдарламаны енгіздік. Бұл бағдарлама ұйымдастырушылық және медициналық қызметтердің толық кешенін қамтиды. Оған өтінімді қабылдау, оны 24 сағат ішінде өңдеу, емдеу жоспарын құру, пациенттерді сүйемелдеу, логистика мен орналастыруды қамтамасыз ету және операциядан кейінгі бақылау қызметі кіреді. 

Кейінгі үш жылда шетелдік ем алушылардың ағыны 11 есе өсті. Әсіресе Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы медициналық мекемелерге сұраныс көп. Мәселен, 2024 жылы елордаға 5 мыңға жуық адам ем іздеп келген. Ал бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Өзбекстан азаматы Мухриддин Дадабоев та дертіне дауа іздеп Астанаға арнайы аялдаған.

Мухриддин Дадабоев, Өзбекстан Республикасының азаматы:

- Менің аяғым сынған еді, жүре алмадым. Тіпті тұра да, бүйіріммен жата да алмадым, тек шалқамнан жаттым. Үш күн жаттым. Қазір өзімді жақсы сезініп жүрмін. Дәрігерлерге көп рақмет. 

Шетелдік науқастандың 90 пайызы ТМД елдерінің тұрғындары. Олар көбіне кардиохирургия мен нейрохирургия бағыттары бойынша ем алуға келеді. Бұдан бөлек репродуктивті медицина, эстетикалық медицина – пластикалық хирургия мен стоматология қызметтері де кеңінен сұранысқа ие. 

Шернияз Жалғасбекұлы, Эльвира Лекерова, Мадияр Кындыбаев