Арал ауданында жүрекке күрделі операция жасайды
Арал ауданының дәрігерлері жүрекке күрделі операцияны жергілікті жерде жасамақ.
Жуырда ашылған заманауи кардиология және инсульт бөлімшесіне жоғары технологиялық құрылғылар орнатылады. Енді тұрғындар алыстан ем іздемейді.
Жасы жетпістен асқан Алдаберген Жолановтың соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп, жүрегі мазалай бастаған. Аудандық аурухана жанынан ашылған жаңа кардиология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Қария бұрын Қазалыға немесе 500 шақырым жердегі облыс орталығына қатынайтынбыз дейді. Енді міне алысқа бармай, өз ауылында емделуге мүмкіндік туды.
Алдаберген Жоланов, аудан тұрғыны:
- Жүре алатыны болады, жүре алмайтыны болады, ауыр науқастар болады. Олардың бәрін алып барып, алып келудің өзі, өздерінің барып келуінің өзі үлкен жұмыс. Сосын ана жақтағы қабылдаудың өзі уақыттары әртүрлі болады. Ал енді мына ауылдағы үлкен жетістік. Бұл үйдің қасы, оттың басы дегендей, үйден кіріп-шығып, емделіп, өзіне қажетті емін алады.
Жуырда ашылған кардиология және инсульт бөлімшесі 40 орындық. Ғимарат заманауи үлгіде жабдықталып, науқастардың сапалы ем алуына жағдай жасалған. Қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен Құдайберген Пауодин де қазір осы жерде тексерістен өтуде.
Құдайберген Пауодин, аудан тұрғыны:
- Давлением пока түсті, қазір әжептәуір жаман емеспін. Басымның ауырғаны да қойып келе жатыр. Сол емдеп жатыр мына аппарат салып, жүректі дұрыстап тексерем деп. Сонымен жаман емеспіз.
Биыл бөлімшеге соңғы үлгідегі магнитті-резонанстық томография мен ангиограф аппараттары орнатылады. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар іске қосылғанда тұрғындардың басқа облыстарға сабылмайды.
Бауыржан Қуанышбаев, аудандық көп салалы орталық аурухананың бас дәрігері:
- Жүрекке коронарография жасау қолжетімді болады. Эндоваскулярный хирург ретінде бітірген маманды осы кезден біз маманды алып жұмыспен қамтып қойып отырмыз. Ангиограф орнатылғаннан кейін бұл маман дайын жұмысқа бірден жұмыс бастап кетуге толық мүмкіндік болады. Бұл дегеніміз осы Президенттің тапсырмасына сәйкес медициналық көмек шалғай жатқан елді мекендердегі халыққа қолжетімділігі артады, сапасы артады деп сенім білдіре аламын.
Арал ауданында биыл инфекциялық бөлімшенің де ғимараты жаңарды. Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық пункт бой көтерді. Жалпы Қызылорда облысында соңғы үш жылда 28 медициналық нысан пайдалануға берілсе, оның басым бөлігі ауылдарда орналасқан.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин