Қызылордада «Мерейлі отбасы-2026» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды

Қызылордада «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. 

Биыл өңір бойынша 220 отбасы бақ сынаған. Қалалық және аудандық кезеңдерден сүрінбей өткен жанұялардың еңбек жолы, қоғамдық белсенділігі мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудегі үлесі сараланды. Байқау барысында отбасы мүшелерінің кәсіби жетістіктері, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы және кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды істері де назарға алынды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жеңімпаздарды құттықтады. Аймақ басшысы әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді атап өтті.

Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:

- Өңірімізде әр отбасының әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда облысымызда 17 500-ге жуық көп балалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие болуда. Оларға мемлекеттік жәрдемақы төленіп, мұқтаж отбасыларға жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана берілуде.

Байқау қорытындысы бойынша 11 отбасына арнайы номинация табысталды. Жүлделі үшінші орынды қызылордалық Бимұратовтар әулеті еншіледі. Екінші орын Қазалы ауданынан келген Досхожаевтарға бұйырды. Ал бірінші орынды Шиелі ауданының намысын қорғаған Бәкіровтер отбасы иеленді. Бас жүлдені Арал ауданының тұрғындары Құтмамбетовтер әулеті қанжығасына байлады. 8 баладан 30 немере, 45 шөбере сүйген әулеттің үлкені Хангене Құтмамбетов ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында тер төккен.

Хангене Құтмамбетов, байқау жеңімпазы

- Білімдерін алып, жұмыстарын істеп, маңайымызға, туған туысқандарға үлгі болу керек.  

Әбен Бәкіров, I орын иегері:

- Мен қазір жасым 92-де, мерейлі отбасының 44 немерем бар, 95 шөберем бар, 7 ұл, 5 қызым бар, барлығы мерейлі отбасымыз, тәрбиелі, барлығы өніп-өсіп жатыр.

Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлық табысталды. Дәстүрлі бәйге отбасы институтын нығайтуды көздейді, дейді ұйымдастырушылар. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин