Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы ауыр

Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен 10 науқастың жағдайы ауыр. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл туралы өңірге барған Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова айтты. Кеше түнде курортты өлкедегі дәмханалардың бірінде газ-ауа қоспасы тұтанып, жарылыс болды. Салдарынан жеті адам қаза тапты. Дәмханадағы жарылыс кеше шамамен сағат түнгі он кезінде болған. Оқиға орнына саналы минутта жеткен өрт сөндірушілер 10-нан астам адамды құтқарып, нысаннан жеті бірдей газ баллонын сыртқа шығарған. 

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Дәмханадағы жеті газ баллоны осы асхана бөлмесінде болған. Оның біреуі жарылып, бөлменің қабырғасын құлатқан. Кейін өрт шығып, адамдар жаққа қарай ойысқан.

Дәмханадағы жарылысты төңіректегі барлық адам естіген. «Алайда көмек қолын созуға қызыл жалын беттетпеді», - дейді куәгерлер. Кейін құтқарушылар мен тәртіп сақшылары аумақты толық қоршап, өртті оқшаулаған.

Айдос Дауылбаев, Щучинск қаласының тұрғыны:

- Мен осы жерге келген кезде полиция қызметкерлері отцепление жүргізген болатын. Бөгде адамдарды кіргізбей. Мына жерде өртсөндірушілер ішке кіріп, адамдарды шығарып, өртті сөндірген болатын. 

Апат салдарынан 28 адам зардап шекті. Оның жетеуі қаза тапты. Жауаптылардың сөзінше, бес адам оқиға орында, екеуі жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қалғандары бірден ауруханаға жеткізілді. 

Әлия Рүстемова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Қазір ауруханада 13 адам ем алып жатыр. Оның алтауы түнде Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді. Жеті адам осы Бурабайдағы ауруханада жатыр. 13 науқастың 10-і жансақтау бөлімінде. Жағдайлары ауыр. Қазір екі науқасты Астанаға жеткізу жоспарланып отыр. Науқастардың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында. 

Қазір өңірде апатқа байланысты жедел штаб құрылды. Жарылыстан қайтыс болған және зардап шекккендердің жақындарына мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары көрсетіледі. 

Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:

- Қайтыс болған адамдардың отбасыларына 2 млн.теңгеден материалдық көмек көрсетіледі. Ал зардап шеккендердің жақындарына 1 млн.теңгеден береміз. Бұдан бөлек, марқұмдардың жерлеу рәсімдерін де ұйымдастурға атсалысамыз.

Қазір аталған оқиға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Мамандар апат жағдайын анықтау үстінде. 

Қанат Бабаев, Бурабай аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

- Қазір сараптамалар тағайындалған. Өрт қауіпсіздігі, жарылыс қауіпсіздігі және көптеген мәліметтер жиналып, жан-жақтағы камералардан фото, видео түпнұсқалар көрініп, сонымен қатар бәрі қылмыстық іс аясында тергеліп жатыр.

Дәмхана бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан. «Алайда жарылыстан үйге ешқандай зақым келген жоқ», - дейді мамандар. Ғимараттың жалпы аумағы 300 шаршы метр. Соның 80 шаршы метрін қызыл жалын шарпыған. Қызыл жалын бір сағаттың ішінде сөндірілген. Ал зардап шеккендердің басым бөлігі дәмхана қызметкерлері.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный