Елде ісіктің алдын алуға арналған дәрі сыналып жатыр
Қазақстандық ғалымдар адам ағзасындағы микробтарды зерттеп, денсаулыққа пайдалы жаңа өнімдер жасап жатыр.
Микробиом зертханасының жетекшісі, профессор Алмагүл Кушугулова мен оның командасы бие сүті негізіндегі метобиотиктерді жасап шығарды. Бұдан бөлек, ғалымдар әйелдер денсаулығына арналған ірі жобаға кірісті.
Адам ағзасында ондаған триллион микроб өмір сүреді. Олар ағзаның негізгі жүйелерінің жұмысын реттейді. Адамның көңіл күйі мен денсаулығына да әсер етеді. Профессор Алмагүл Кушугулова 20 жылдан бері осы микрофлораны зерттеп келеді. Мамандығы – педиатр дәрігер. Алайда ол медициналық мекемеде жұмыс істеудің орнына ғылым жолын таңдаған. Бүгінде ғалым микробиом зертханасын басқарады. Командасымен бірге ғылыми зерттеулер жүргізіп, дәрілік препараттар әзірлеумен айналысады.
Алмагүл Кушугулова, Nazarbayev University жанындағы Өмір туралы ғылымдар орталығының микробиом зертханасының жетекшісі:
- Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары аурулары мен аутоиммунды патологияларды зерттейміз. Сонымен қатар биыл әйелдер денсаулығына арналған үлкен жобаны бастадық. Әйел микробиомын зерттеу жобасы аясында қатерлі ісік ауруларының алдын алуға арналған дәрілік препарат әзірлеп жатырмыз. Қазір зертханалық зерттеулер аяқталды. 2026 жылы жануарларға клиникаға дейінгі зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Одан кейін клиникалық сынақтарға көшеміз.
Ғалымдардың тағы бір өнімі отандық нарықтан бөлек, экспортқа да шығарылып жатыр. Бұл – бие сүті негізінде жасалған метобиотик капсулалары. Олар антибиотик қабылдағаннан кейін ішек микрофлорасын қалпына келтіруге көмектеседі. Белсенді заттар ағзаға түскеннен соң бірден әсер ете бастайды. Бұл жобаны әзірлеуге 10 жылдан астам уақыт кеткен.
Самат Қожахметов, Nazarbayev University жанындағы Өмір туралы ғылымдар орталығы микробиом зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:
- Көпшілік пробиотиктер мен пребиотиктерді біледі. Мысалы, пребиотиктердің көбі – құрғақ препараттар. Олар асқазан-ішек жолына түскеннен кейін белсенді болу үшін 6-8 сағат қажет етеді. Ал біздің препарат – бактериялардың дайын белсенді метаболиттері. Сондықтан олар ішекке түскен бойда бірден әсер ете бастайды.
Алмагүл Кушугулова, Nazarbayev University жанындағы Өмір туралы ғылымдар орталығының микробиом зертханасының жетекшісі:
- Бұл өнімнің негізіне бие сүтін алдық. Себебі ол – бізге таныс әрі жергілікті өнім. Капсулаланған құрғақ өнім антибиотикпен бірге қолданылғанда өте тиімді. Осылайша, антибиотиктің жанама әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Алмагүл Кушугулованың ғылыми тобы зерттеу аясын кеңейтіп келеді. Олар тек адам микрофлорасын ғана емес, қоршаған ортаны: топырақты, ауыл шаруашылығы дақылдарын және жануарларды зерттейді. Ал Алмагүл Рахимберліқызы ғылым жолында басқа да пайдасы мол жобаларды ашуды көздейді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Полина Зачиналова