Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша кеңес өтті
МӘМС-ке қатысты мәселе қайта көтерілді.
Жүйенің барлық шығыны ашық әрі оның цифрлық ізі болу қажет. Премьер-министр деңгейінде өткен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бойынша кеңестің күйттегені осы. Себебі ұлт саулығына жұмсалған қаржы жымқырылды. Сондықтан қорды қаржы министрлігі қоритын болды. Ведомство басшысы Мәди Такиев МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3 трлн 400 млрд теңге қайта бөлінетінін жеткізді. Сол қомақты қаржыны оңтайлы басқару керек. Ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығару және халықты медициналық көмекпен үздіксіз қамту үшін бірқатар заңға түзетулер әзірленген. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек жүйедегі негізгі түйткілді былайша тарқатты. Бұған дейін біртұтас басқару үдерісі болмаған. Жұмыс науқас пен денсаулық сақтау саласының нәтижесіне негізделмеген. Тек көрсетілген қызметтер көлеміне көңіл бөлінген, дейді. Сонымен 1 жарым айда кешенді шаралар қабылданыпты. Премьер-министрге операциялық қаржыландырудан стратегиялық әрі зияткерлік басқаруға көшу мақсатында әзірленген МӘМС 2.0 жаңа моделі таныстырылды. Жаңа архитектураға сәйкес, Қор тек қызметтерге ақы төлеумен шектелмей, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің дамуын болжау, бақылау, талдау жүргізу және оның тұрақтылығын қамтиды. Сондай-ақ Үкімет басшысына МӘМС-тің жаңа архитектурасының технологиялық негізі және цифрлық қорғаны ретінде Qalqan жаңа цифрлық платформасының мүмкіндіктері ұсынылды.