Электр энергетикасындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес өтті
Келер жылы электр энергия көлемін ұлғайту бойынша Алматы-Жамбыл-Шымкент жобасы іске қосылады.
Ол оңтүстікте қуат көзін 440 МВт-қа арттырады деп жоспарланған. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға қосымша жағдай жасайды. Батыста да осындай жоба іске асырылып жатыр. Ол Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр станцияларының қуатын еселейді. Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені жеңілдетеді. Бұл туралы саланы дамыту бойынша кеңесте айтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген жиында «Самұрық-Қазына» қорының жобалары да қаралды. Мұнда Үкімет басшысы жаңа энергия орталықтарын салу және пайдалануға беру мерзімдерін сақтауға назар салды. Премьер-министр Ұлттық электр желісін дамыту жұмыстарын сұранысқа сай қарқынды жүргізуді тапсырды.
Нәби Айтжанов, "KEGOC" АҚ Басқарма төрағасы:
- "KEGOC" Ұлттық электр торабын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Болжамдарға сәйкес, 2028 жылы дифицит тапшылығы азайып, профицитке шығуымыз мүмкін. 2029 жылы артық энергия қуаты шамамен 2,8 гигаватт, ал 2035 жылы 5 гигаватқа жететі деп күтілуде.
KEGOC компаниясы қуат көзін басқаруда ЖИ мен жаңа технологияларды енгізіп келеді. Мәселен, басқарудың цифрлық жүйелері «Солтүстік-Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өткізу қабілетін 250 МВт-қа арттырған. Бұл көрсеткіш тұтас бір қаланың электр энергиясын тұтыну көлемімен шамалас. Ал электр станцияларындағы жиілікті реттеуге қосу, жыл сайын шамамен 4 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.