Қантты сусындардан қатер төніп тұр
Елдегі өлім-жітімнің 80%-ға жуығы қан айналымы жүйесі, онкологиялық және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары мен қант диабетіне байланысты.
Әр төртінші тұрғын қан қысымынан зиян шегеді. Ал 6 мен 9 жас аралығындағы әр бесінші баланың артық салмағы бар. Қоғамдық денсаулық сақтау, ұлттық орталығының басқарма төрағасы 2030 жылға қарай, науқастар саны 930 мыңға жуықтауы мүмкін екенін айтады. Сондықтан халық денсаулығына қатысты негізгі қауіптер мен алдын алу шаралары талқыланып жатыр. Зерттеу халықаралық деңгейде жүреді.
Эрик Байжүнісов, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасы:
- Біз орталықта жаңа жүйе жасап, халықаралық тәжірибені зерттедік. Соған сүйеніп, үкіметке белгілі бір мәселені реттеуді ұсынып отырмыз. Соның бірі – құрамында қанты бар сусындарға мақсатты түрде акциз енгізу. Мәселен, 100 теңге көлемінде. Сөйтіп үш жылда соны сатудан шамамен 420 млрд теңге жиналуы мүмкін еді. Бұл – халықаралық тәжірибе. Осындай қадамға бару арқылы жинақталған қаражат қордаланған проблемаларды шешеді. Қаржы семіздік, темекі шегу, алкоголизммен күреске жұмсалады. Ал пайдалы өнімдер шығаратын өндірістер субсидияланады.