Қазақстанда ана өлімі алты есе төмендеді
Қазақстанда ана өлімі 6 есе, ал нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді.
Балалар денсаулығына арналған халықаралық конференцияға жиналған сала өкілдері осылай дейді. Жиынға Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры, сондай-ақ өзге де ұйым өкілдері қатысты. Олар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға арналған басым шараларды талқылады. Мамандардың сөзінше, қазір елде балалар денсаулығын сақтау жүйесі кезең-кезеңмен жаңартылып келеді. Соңғы жылдары 366 педиатриялық бөлімше мен 370-тен астам ерте араласу орталығы ашылып, 72 мыңнан астам балаға көмек көрсетілген. Нәтижесінде даму бұзылыстарын ерте анықтау көрсеткіші артқан. Үй жағдайындағы балалар өлімі де азайып отыр. Сондай-ақ алдын алу шаралары күшейтіліп, пренаталдық скринингпен қамту кеңейді. Жаңа технологияларды енгізу балаларды шетелге емдеуге жіберу санын қысқартуға мүмкіндік берген.
Бектұрған Қарин, ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің штаттан тыс бас неонатологы:
- Егер 1990 жылы әрбір 1000 тірі туған нәрестенің біз әрбір 23 жоғалтатын болсақ, алғашқы тәулігінде, қазір 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,1-ге түсті. Яғни көріп тұрсыз, бұл өте қатты төмен түсті. Және басқа Орта Азия мемлекеттерімен салыстырған кезде біздің көрсеткіш ең төменгі болып саналады. Және бұл көрсеткіш орташа европалық өлім көрсеткішімен тең.