Қазақстанда миы ауыр патологияға ұшыраған сәбиге бірегей операция сәтті жасалды
Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында дәрігерлер баланың миына күрделі көпсатылы операцияны сәтті жүргізді, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 13 ақпанда 2025 жылы туған сәби ауыр жағдайда ауруханаға шұғыл жеткізілген. Дәрігерлер оның бойынан құрысу синдромын, жоғары температураны және терапияға бағынбайтын ұстамаларды анықтаған. Зерттеу нәтижесінде балаға екіншілік окклюзиялық гидроцефалия, ми поликистозы және құрысу синдромы диагнозы қойылды. Сонымен қатар, мида шамамен 12 кернеулі киста бары белгілі болған.
Мамандардың айтуынша, бала 2 айлығында миға қан құйылу салдарынан ауыр жағдайды бастан өткерген. Кейінгі тексерулер іріңді қабыну белгілерін де көрсеткен.
Дәрігерлердің мультидисциплинарлық кеңесі жоғары технологиялық операция жасау туралы шешім қабылдап, емді екі кезеңмен жүргізді. Алғашқы кезеңде нейронавигация арқылы эндоскопиялық ота жасалып, сыртқы дренаж қойылды. Бұл құрысу ұстамаларын тоқтатуға мүмкіндік берген. Екінші кезеңде киста-вентрикуло-перитонеальды шунттау операциясы жүргізілді.
Нәтижесінде дәрігерлер бірнеше кистаны біріктіріп, бір ғана шунт арқылы емдеуге қол жеткізді. Бақылау тексерістері кисталардың көлемі айтарлықтай азайғанын көрсетті. Қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, ол оңалту курсынан өтуде.
Аурухана мамандары мұндай жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамытуды жалғастыратынын атап өтті.