Балалар аутизмі көбейіп кеткен
Әлемде әр жүзінші балада аутизм белгілері бар. Өкінішке қарай, көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық педиатрия конференциясында айтылды. Жиынға Қазақстан, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қытайдың жетекші мамандары қатысты. Сарапшылар балалар медицинасын дамытудың өзекті екенін айтады. Аурудың алдын алу, ерте анықтау, осы салада жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелері де қарастырылып жатыр. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға, соның ішінде аутизмді ерте анықтап, оны оңалтуға басымдық беру керек. «Әсіресе жүктілік алдындағы тексеруден өту өте маңызды», - дейді сарапшылар.
Қарлығаш Жұбанышова, Қазақстан-Ресей Медициналық университеті неонатология кафедрасының меңгерушісі:
- Аутизм тек елімізде ғана емес, бұл бүкіл әлем үшін өзекті тақырып. Бүгін мұнда невропатологтар, психиатрлар, психологтар және басқа да мамандар жиналды. Олар әр елде осы мәселемен қалай жұмыс істеп жатқаны туралы тәжірибемен бөліседі.
Андрей Бродеус, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Өкінішке қарай, аутизмге шалдыққан балалар саны артып келеді. Осындай шаралар – дәрігерлер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Ең бастысы, мамандардың тікелей қарым-қатынасы арқылы білім мен тәжірибе қалыптасып, ортақ жобаларға жол ашылады.