Донорлық ағза – ажалға араша
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жыл басынан бері донорлық ағза күтіп жүрген төрт адам көз жұмды.
Дәрігерлердің айтуынша, мәйіттік ағзаны ауыр сырқаттан қиналып жүрген адамға беруге, марқұмдардың туыстары рұқсат етпейтін жағдай әлі де көп. Жалпы екі өлкеде ағза алмастыруға мұқтаж 332 адам тіркеуде тұр. Соның 301-і бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан.
Донорлық ағза – ауыр сырқат жабысқан адамды ажал тырнағынан құтқаратын жалғыз мүмкіндік. Гүлжанат Нұрғалиева бұны жақсы біледі. Ол үш жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді. Сырқат жеңіп кетпесін деп алаңдаған туған сіңлісі оған былтыр бір бүйрегін беруге бел буған. Алайда Гүлжанат аяқ асты инсульт алып, операция кейінге шегерілген.
Гүлжанат Нұрғалиева, қала тұрғыны:
- Сіңілім менің осылай ауырып жүргеніме шыдай алмай, маған бүйрегін беретін болды. Алайда аяқ асты инсульт алғандықтан қайта қалыпқа келуім үшін бір жыл уақыт кетті. Енді медициналық тексерістен өтіп жүрмін. Бәрі жақсы болады деген ойдамын.
Ал Маржангүл Оразаеваның жағдайы басқаша. Ол тоғыз жылдан бері күту парағында кезекте тұр. Бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған соң ауылдан қалаға көшіп келуге мәжбүр болған. Енді әр күнді үмітпен қарсы алады.
Маржангүл Оразаева, қала тұрғыны:
- Үмітсіз шайтан деген болып қалар, кезек болса жақсы болар еді. Бар адамның арманы ғой, аман сау өмір сүру, балаларының қасында болу – ұзағырақ өмір сүру бәрінің арманы арманы.
«Ағза алмастыруды армандаған адам аз емес», - дейді мамандар. Ресми дерекке сай Шығыс Қазақстан мен Абай облысында жалпы 332 адам кезекте тұр. 3-4 жасар бүлдіршіндер де бар. Дәрігерлер марқұм болған адамның ағзасын мұқтаж науқасқа алмастыруға туыстары қарсы болатын жағдай әлі көп екенін жасырмайды.
Роман Хрипунов, трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші:
- Қанша қиын болса да марқұмдардың туыстарымен әңгімесуге тура келеді. Бұл – ең ауыр сәт. Оларға да, бізге де оңай емес. Десе де шындығында бір адам өмірмен қоштасқанмен, ол қаншама жанға үміт сыйлай алады. Алайда соған қарамастан бас тартатындар көп.
Былтыр Шығыс Қазақстан облысында екі донор 12 адамға жаңа өмір сыйлады. Дегенмен кезек күткендер әлі де көп. Жалпы елде 4 жарым мыңнан аса адам трансплантацияға мұқтаж.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов