Алматыда ортопедия саласында роботтарды қолдану әдісі көрсетілді

Алматылық ортопедтерге роботтар көмекке келіп жатыр.

Олар тізе және жамбас буындарын эндопротездеуде қолданылады. Әдіс хирургтің тәжірибесі мен цифрлық технологияның дәлдігін біріктіреді. Алматыда осы мәселеге қатысты шеберлік сағаты өтті. Оған Біріккен Араб Әмірлігінен келген әлемдік деңгейдегі жетекші маман Джонатан Конрой қатысып, тәжірибесін көрсетті. Ол буындарды эндопротездеу бойынша 5 мыңнан астам операция жасаған. Оның айтуынша, мұндай шараларда, хирургиялық әдістер талқыланып, роботтың көмегімен имплантация жасау қаралады. Бастысы, дәрігерлер  хирургиялық шеберлік, цифрлық жоспарлау мен навигация мүмкіндіктерін үйлестіруге машықтанады. Қазір әлемде екі миллионнан аса адамға Mako Stryker жүйесімен ортопедиялық операция жасалған.

Джонатан Конрой, ортопедиялық хирург (БАӘ):

- Мако жүйесі хирургті алмастырмайды. Керісінше оның роботтандырылған көмекшісі. Бұл технология ортопедиялық операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге көмектеседі. Жүйе науқасты операцияға алдын ала дайындап, оның анатомиялық ерекшеліктеріне сәйкес жоспар құруға мүмкіндік береді. Робот-ассистент хирургке қай жерден кесу керектігін дәл анықтауға көмектесіп, аз инвазивті араласуды қамтамасыз етеді.