Елде 3,4 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды

Елде 3,4 миллион адам мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов хабарлады. 

Ал тегін дәрі берілетін аурулар тізбесі 48-ден 121 позицияға кеңейді. Әсіресе ауыр және сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастарға басымдық беріліп отыр. Амбулаториялық дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражат көлемі 337 миллиард теңгеге жетті. Енді дәрілік заттарды іріктеуде препарат саны емес, оның тиімділігі мен пайдасы негізге алынады. Реформа нәтижесінде бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделді. Бұдан бөлек, отандық фармацевтиканы қолдау шаралары артты. Алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Семей қалаларында жеке логистикалық орталықтар салу жоспарланып отыр. Қазір 31 қазақстандық өндірушімен 83 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған. Осылайша, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі де ұлғайып келеді. 

Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды. Бұл қоғамдық сенім деңгейін арттырды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін дәрі-дәрмектердің бар-жоғы туралы жедел ақпарат беру мақсатында Telegram-бот іске қосылды. Чат бот жұмыс істегелі бері 200-ге жуық өтініш жедел өңделді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында шағымдар саны 18 пайызға азайды. 

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Ең басты мәселе – цифрлық таңбалау жүйесінде дәрі-дәрмектің сапасын бақылау. Сондықтан арнайы мобильді қосымша енгізгенбіз. Сол қосымшада маркировка коды бойынша кез келген дәрі-дәрмекті қай жерде өндірілгенін, қалай жеткізілгенін және оның сапасы қандай екенін бәрін қадағалау мүмкіндігі беріледі.