Қазақстанда балалар лагерьлеріне арналған жаңа мәзір әзірленді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда балалардың жазғы сауықтыру лагерьлеріне арналған үлгілік мәзірдің екі нұсқасы әзірленді, деп хабарлайды «24KZ».

Жазғы маусым қарсаңында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, маусымдық балалар сауықтыру ұйымдарына арналған ұсынымдық мәзірлер дайындаған. Мәзірлер Оқу-ағарту министрлігінің сұранысы бойынша әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тамақтану стандарттарына сәйкес жасалған.

Талаптарға сәйкес, сауықтыру ұйымдары үлгілік мәзірді өзгеріссіз пайдалана алады немесе белгіленген нормаларды сақтай отырып, өңірлік ерекшеліктер мен ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп түзетулер енгізуге мүмкіндік бар.

Әзірленген мәзір нұсқалары балалар сауықтыру ұйымдарының жұмысында қолдану үшін Оқу-ағарту министрлігіне жолданды.

Үлгілік мәзірлермен ресми сайтта танысуға болады.