Халықаралық онкологтар конференциясы өтті
Елде кейінгі бес жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 20 пайызға төмендеді.
Бұл онкологиялық аурулармен күреске арналған кешенді жоспардың нәтижесі. Қазір Қазақстанда 246 мыңнан аса адам ауыр дертке шалдыққан. Науқастарды емдеудің озық әдістері Алматыда өтіп жатқан халықаралық онкологтар конференциясында талқыланды. Иммунотерапия, таргеттік терапия, диагностика мен саладағы жаңа жетістіктер айтылды. Ғалымдар, дәрігерлер мен шетелден келген медициналық қауымдастық өкілдері заманауи технологияны пайдалану жайында тәжірибе алмасты. Конференция Еуропа медициналық онкология қоғамы ESMO-ның қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Қазақстан жуырда қосылды. Бұл әлемде онкологиядағы озық жетістіктерді таратуға бағытталған жетекші еуропалық ұйым саналады.
Диляра Қайдарова, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:
- Біз осы шараның аясында пациенттерге арналған халықаралық форум өткіземіз. Ол жерде науқастар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, толыққанды мағлұмат алады. Біз медицина мамандарының тобын құрдық. Ішінде әр түрлі сала дәрігерлерлері бар. Тіпті нутрициологты да қостық. Олардың барлығы пациенттерге өзін қалай ұстау керектігін, қалай өмір сүру қажеттігін түсіндіреді. Өйткені қатерлі ісік үкім емес. Дер кезінде анықталса, жеңіп шығуға болады.