Елімізде баланың бойындағы ауытқушылықтар мен ерекшеліктер ерте жастан анықталмайды
Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар балалар мен азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға лайықты жағдай жасау мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Парламент Мәжілісінің мінберінен ерекше балалардың мұңын шағып, олардың мәселесін көтеріп келе жатқан депутат Нартай Аралбайұлы бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында Үкіметке жолдаған кезекті маңызды мәлімдемесін жариялады.Халық қалаулысы ерекше қажеттілігі бар жандардың өмірін қиындатып отырған ең басты мәселелерді атады, деп хабарлайды «24KZ»
Елімізде баланың бойындағы ауытқушылықтар мен ерекшеліктер ерте жастан анықталмайды. Балалар көбіне 5 жасқа дейін тиісті диагнозсыз жүріп қалатындықтан, түзету кабинеттері мен реабилитациялық орталықтардың көмегіне тым кеш жүгінеді.
Қазақстанда түзету кабинеттері мен әлеуметтік психо-педагогикалық қызмет көрсететін мекемелер өте аз, ал жекеменшік орталықтардың бағасы қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғады. Бүкіл ел бойынша бар-жоғы 372 ерте анықтау орталығы ғана жұмыс істейді.
Сала мамандарының әлеуметтік жағдайы толық жасалмағандықтан, кадр тапшылығы өршіп тұр. Бүгінгі таңда арнайы педагог,логопед,сурдолог және баланың мінез-құлқын ерте талдайтын (ABA-терапевт) мамандары жетіспейді.
Депутат Нартай Аралбайұлы аталған түйткілдердің нақты шешу жолдарын айқындап, Үкіметке ресми ұсыныстар пакетін жолдағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол желі қолданушылары мен барша азаматтарды бей-жай қалмай, осы тақырыпқа қатысты қосымша мәселелер мен өз ұсыныстарын пікірде бөлісуге шақырды.