Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден аса адам ауруханаға түсті
Ақтөбе облысында тойдан кейін тұрғындар жаппай уланып қалды, деп хабарлайды «24KZ».
Қандыағаштағы мейрамханалардың біріне барған 102 адам ауруханға түсті. Мекеме жұмысы уақытша тоқтатылып, мамандар уланудың себебін анықтап жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, ішек инфекциясының өршуі Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тіркелген. Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, алғашқы науқастар 19 маусымда медициналық көмекке жүгіне бастаған.
«Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың 19 маусымынан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасына және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллездің болу ықтималдығы тіркелді. Осы жағдайлар бойынша Ақтөбе облысының СЭБД-не шұғыл хабарлама жіберіліп, бактериологиялық зерттеу үшін материалдар алынды», - деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауыр дәрежеде екені атап өтілді, пациенттерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Ресми деректер бойынша, жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб құрылған. Ауданға қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, ауруханаларда науқастарға арналған орындар мен қажетті дәрі-дәрмек қоры дайындалды.
Қазір мамандар зертханалық зерттеулердің нәтижесін күтіп отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз