Бүгін – есірткіге қарсы күрес күні
Павлодардағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығында жыл сайын мыңнан астам адам емделеді.
Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. 25 жыл бұрын ашылған әлеуметтік мекемеге есірткі және алкогольге тәуелді азаматтар қабылданатын. Соңғы жылдары лудоманияға шалдыққандар да оңалтудан өтіп жүр. Бүгін нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай орталықта Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Қазір Павлодардағы психикалық денсаулық орталығында 130 адам ем қабылдап жатыр. Олар тәуелділіктен арылып, қалыпты өмірге оралуды мақсат етеді. Солардың бірі – 38 жастағы Павел Савин. Ол есірткіні алғаш 16 жасында қолданып көрген. Бұған дейін бірнеше рет емделгенімен, араға уақыт салып қайта сүрінгенін айтады. Қазір ол сауығып кетемін деген үмітпен қайтадан ем қабылдап жатыр.
Павел Савин, науқас:
– Мен бұл орталықта бірінші рет емделіп жатқан жоқпын. Алғаш рет 2014 жылы келіп, оңалтудың толық бағдарламасынан өттім. Кейін тағы бірнеше рет қайталанды. Алайда 2017 жылдан 2025 жылға дейін ешқандай психологиялық белсенді зат қолданбадым. Сегіз жыл бойы таза өмір сүріп, спортта көптеген жетістікке жеттім. Өкінішке қарай, өткен жылдың күзінде қайтадан тәуелділікке бой алдырып, сол жетістіктерімнің бәрінен айырылдым. Қазір қатты өкінемін.
Орталыққа 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Ашық есік күніне еріктілер мен белсенді жастар қатысып, орталықтың жұмысымен танысты. Олар мамандармен кездесіп, зиянды әдеттердің адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін зардаптары туралы ақпарат алды. Егде жастағы адамдар көбіне алкогольге тәуелділіктен емделеді. Соңғы жылдары жастар арасында синтетикалық есірткіге тәуелділік көбейген. Бұл жас ұрпақтың болашағына үлкен қауіп төндіріп жатыр.
Ирина Темірғалиева, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Осы уақытқа дейін 40 азамат ұсталды, олардың 36-сы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өкінішке қарай, ұсталғандардың арасында Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқитын кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Қазіргі таңда осы факті бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
Нашақорлық, алкоголь және құмар ойындарға тәуелділік адам өміріне, отбасы мен қоғамға зиян келтіреді. Олар қаржылық қиындықтарға, отбасындағы келіспеушіліктерге және психологиялық күйзеліске әкелуі мүмкін. Кейде мұндай тәуелділік тіпті қылмысқа да итермелейді. Сондықтан алдын алу шараларын тұрақты жүргізу қажет дейді мамандар. Орталық бір жылда кем дегенде мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Алайда тәуелділіктен түбегейлі құтылу өте қиын екен.
Асанәлі Сушенов, психотерапевт дәрігер:
- Негізінде бұл жақтағы еміміз, терапиямыз үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде медикаментоздық коррекция, үшінші кезең бізде психо-терапиялық оңалту, үшінші кезең социалды оңалту болып келеді. Осы емдеудің уақыты жаңағы орта есеппен екі айдан бір жылға дейін пациенттеріміз емделеді.
Психикалық денсаулық орталығынан ем алып шыққан науқастар әлеуметтік бейімдеуден өтеді. Оларға психологтар, наркологтар, психотерапевттер, сондай-ақ еріктілер мен әлеуметтік қызметкерлер жан-жақты қолдау көрсетеді. Нашақорлыққа қарсы халықаралық күн – мереке емес, қоғамдағы өзекті мәселені ашық талқылауға арналған күн. Мамандардың айтуынша, тәуелділік – жеңуге болатын дерт. Ең бастысы – дер кезінде көмекке жүгініп, жаңа өмірге сеніммен қадам жасау.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков