Қазақстанда 8 мыңға жуық медицина қызметкері жетіспейді

Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы бар. Бүгінде ел ішінде 8 мыңға тарта медицина қызметкері жетіспейді. 

Ал елдегі әр бесінші дәрігер зейнет жасындағы маман. Ұрпақ сабақтастығы сақталғанымен, жастар неге аз? Дәрігер тапшылығы қалай шешіледі? 

Гүлнар Бүтүнбаева еңбек жолын осыдан 42 жыл бұрын ауылдық жерде бастаған. Аймақта он жылдай учаскелік дәрігер болып қызмет атқарған. Осы уақыт аралығында талай жанның дертіне дауа тауып, мыңдаған адамның сауығуына себепші болды. Тәжірибелі маман қазір бар білгенін жастарға үйретіп жүр. Бүгінде денсаулық сақтау саласында 280 мыңға тарта маман бар. Ал 22 пайызы зейнет жасындағы дәрігерлер.

Гүлнәр Бүтүнбаева, №3 қалалық емхананың терапевт дәрігері:

- Целиноград қаласына үш қалалық емханаға 1994 жылы желтоқсан айында жасөспірімдер бөлімшесіне жасөспірімдердің дәрігері болып жұмысқа орналастым. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін осы емханада жұмыс атқарып келе жатырмын. Осы жерден зейнетке шықтым. Қазір жас дәрігерлерге тәлімгерлік көмегімді көрсетіп жатырмын.

Қазір 4 мыңға жуық дәрігер мен 4 мыңнан астам медбикенің орны бос тұр. Әсіресе ауыл-аймақтарда медицина қызметкерлері жетіспейді. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында маман аз. Астана, Алматы қалаларында да ақ халаттыларға сұраныс жоғары. Десе де жыл өткен сайын жағдай оңалып келеді. Медициналық жоғары оқу орындарын жылына 10 мыңға жуық, ал колледждерді 30 мыңнан астам түлек тәмамдайды. Былтыр елде 1760 дәрігер әлеуметтік қолдауға ие болды.

Бағжан Мұхаметбек, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары:

- Ол үймен қамтамасыз ету, төменгі пайыздық несиелер алу, бір реттік көтерме ақылармен қамтамасыз ету. Аса тапшы мамандық иесі болатын болса, жүз төменгі жалақы мөлшерінде көтермеақы ала алады. Яғни 8,5 млн теңге шамасында. Балаларын мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру, әкімдіктер тарапынан коммуналдық қызметтерді немесе ұялы телефондарының байланыс шығындарын төлеп беру сияқты түрлі кешенді шаралар жүргізіледі.

Кадр тапшылығын азайтуға жас дәрігерлерді өңірге тарту жобасы ықпал етуде. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің бірі Луиза Утел. Ол бүгінде Петропавлдағы онкологиялық диспансерде еңбек етіп жүр. Шымкенттен қоныс аударған жас маман күніне 30-ға жуық науқас қабылдап, кәсіби білігін шыңдап келеді.

Луиза Утел, облыстық онкологиялық диспансердің дәрігер-онкологы:

- Күніне ондаған науқас қабылдайтынбыз. Жас маман болғандықтан, алғашқы кезде өзімді дәлелдеуге тура келді. Алайда жастардың біліміне, көзқарасы мен заманауи тәсілдеріне сенім білдіргендер де аз емес. Петропавл маған ұнай бастады. Қала тыныш, өмір сүруге қолайлы. Ең бастысы кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік мол.

Елде 84 мыңға жуық дәрігер мен 196 мыңға тарта орта буын медицина қызметкері бар. Десе де мұнын өзі аздық етеді. Мәселені шешуге ЖОО атсалысып жатыр. Елде медицина мамандарын 8 бейінді жоғары оқу орны мен 94 медициналық колледж даярлайды. Қазір оқу ошақтарында 170 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ғалымжан Абдылахат, Абдулхамит Бөлекбаев