Мектептерде балалардың денсаулығын бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда мектеп медицинасын цифрландыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта 6 900-ден астам мектепке оқушылардың денсаулығын бақылауға және қажет болған жағдайда білікті дәрігерлерден қашықтан кеңес алуға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер енгізіледі. Жоба 3,6 миллионнан астам оқушыны қамтиды, деп хабарлайды «24KZ».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе профилактикалық тексерулерді жүргізуге, балалардың денсаулық жағдайын бақылауға, ауруларды ерте анықтауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, елде телемедицинаны дамыту аясында 4 мыңнан астам медициналық ұйымды бірыңғай желіге қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталықтары, аудандық және облыстық ауруханалар бар.
Қазірдің өзінде телемедициналық қызметтерге 655 медициналық ұйым қосылған. Олардың әлеуетті қамту мүмкіндігі 2 миллионнан астам адамды құрайды. Бүгінде 1 миллионнан астам қазақстандық қашықтан медициналық консультация алған.

Телемедицина әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендер тұрғындары үшін маңызды. Қашықтан кеңес алу арқылы азаматтар бейінді мамандардың көмегін уақытылы алып, облыстық және республикалық клиникаларға бару қажеттілігін азайта алады.
Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізбесін бекітіп, онлайн қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгіледі.
Министрліктің ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес, биыл жыл басынан бері Қазақстанның 20 өңіріндегі 709 медициналық ұйым 23,1 миллионнан астам медициналық қызмет көрсеткен. Оның ішінде 2,17 миллионнан астам қызмет қашықтан ұсынылған.

Телемедициналық қызметтердің үлесі 9,4%-ды құрайды. Алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру арқылы ауылдық жерлерде тұратын шамамен 7,5 миллион тұрғынды қашықтан медициналық көмекпен қамту жоспарланып отыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз