Қазақстанда қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтер саны артады
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің тізімін кеңейтуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды 24KZ.
Құжат 18 тамызға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жобаға сәйкес, онлайн форматта көрсетілетін консультациялар мен диагностикалық зерттеулердің тізімі айқындалып, қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.
Атап айтқанда, алғаш рет қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізбесі бекітіледі. Сондай-ақ дәрігерлер онлайн режимде сипаттап, қорытынды жасай алатын диагностикалық зерттеулердің тізімі айқындалады. Бұдан бөлек, құжат телемедициналық қызмет көрсету кезінде қолданылатын технологияларды және оларды ұсыну шарттарын кеңейтуді қарастырады.
Сонымен қатар жаңа нормалар дәрігердің дәстүрлі қабылдауын алмастырмайды. Егер науқасқа дәрігердің қарауы, тексеру немесе емдеу қажет болса, медициналық көмек бұрынғыдай медициналық ұйымда көрсетіледі. Қашықтан көрсетілетін қызметтер тек медициналық тұрғыдан рұқсат етілген және белгіленген талаптарға сәйкес келетін жағдайларда ғана қолданылады.
Құжат жобасында жаңартылған ережелер елдің барлық өңіріндегі тұрғындар, оның ішінде ауылдық жерлердегі халық, жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі азаматтар, сондай-ақ тұрақты бақылауды немесе қайта консультацияны қажет ететін пациенттер үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады деп күтілетіні айтылған.
Қазіргі уақытта телемедицина жүйесіне 655 медициналық ұйым қосылған. Ал оның қызметін осы уақытқа дейін 1 миллионнан астам адам пайдаланған.