Атырау облысында дәрігер жетіспейді

Атырау өңіріне барған жас дәрігерлерге 10 миллион

теңгеге дейін бір реттік төлемақы және баспана беріледі.

Қазір 20-ға жуық пәтер дайын тұр. Жергілікті билік осылайша мамандарға материалдық қолдау көрсетуге дайын. Жалпы өңірге онколог, балалар дәрігері, хирург және невропатолог қажет.

Реаниматолог-дәрігер Ерболат Аманқұлұлы биыл Мақат ауданына келген төрт жас маманның бірі. Алыс ауданға ат басын тіреген жас дәрігер 8,5 млн теңге көтермеақы алып, баспаналы болды. Ал таяуда Ерболат жетекшілік ететін бөлімшеге жедел жәрдем көлігі берілді. Осы заманғы ең озық технологиямен жабдықталған бұл техниканы көшпелі реанимация бөлімшесі деп атаса да болады. 

Ерболат Аманқұлұлы, жас маман:

- Бұл көлікте жалпы бізде реанимациялық шараға медициналық көмек көрсеткенге арнайы барлық құрылғылар бар. Соның бірегейі осы дефибриллятор аппараты, ИВЛ аппараттары бар. Біздің жалпы Мақат ауданы Атырау-Ақтөбе трассасының бойында, оның үстіне Ақтау-Атырау күре жолында орналасқандықтан бұл медициналық көлікпен реанимациялық шараны көрсетіп, тіпті ИВЛ аппаратына салып та алып келе аламыз науқастарды. 

Аудандық ауруханаға осындай екі жедел жәрдем көлігі келді. Одан бөлек аурухана биыл төрт жас дәрігермен толықты. Әлі ауданға 10 медицина қызметкері қажет, дейді мекеме басшысы. 

Нұрсұлтан Хусанов, Мақат аудандық ауруханасының директоры:

- Қазіргі таңда бір реанимотолог дәрігер келді. Оның жолдасы окулист дәрігер. Ол да бірге жұмысын бастап жатыр. Ауданымызға тағы реанимотолог дәрігер керек, гинеколог дәрігер, хирург дәрігер керек. Яғни қазіргі таңда ол дәрігерлермен келісім-шарт жасалды. Аудан орталығына баратын дәрігерлерге бір реттік 8,5 млн теңге, шалғай ауылдарға баратын болса, 10 млн теңгеге дейін бір реттік төлемақы қарастырылған. 

Мақат ауданына келетін жас дәрігерлерге биыл 9 пәтер бөлініп отыр. Жалпы облыс бойынша дәрігер тапшылығын жою мақсатында алыс ауылдар мен аудан орталықтарынан жас мамандар үшін 20-ға жуық пәтер дайындалған. Күні бүгін өңірде онколог, балалар дәрігері, хирург және невропатолог сияқты 40-тан астам маман-дәрігер жетіспейді.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов