Атырау облысында мұнай компаниясына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Фото: depositphotos.com

Атырау облысында экологиялық талаптарды бұзған «ЖАН и КС» мұнай компаниясына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Қазір айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріліп жатыр. Бүгінге дейін жергілікті бюджетке 490 млн теңгеден астам қаражат түсті. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Табиғат қорғау прокуратурасы компанияның ұңғымаларды бұрғылау кезінде бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтағанын анықтады. Осыған байланысты кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.

Компания салынған айыппұлға сот арқылы шағымданғанымен, өтініштері қанағаттандырылмады. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Қазір сот орындаушылары айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп жатыр. Берешектің қалған бөлігі прокуратураның бақылауында.

Айта кетейік, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, экологиялық айыппұлдардан түскен қаражат енді республикалық емес, жергілікті бюджетке аударылады.

Сондай-ақ оқыңыз: