Түркістанда вирусологиялық зертхана ашылды

Түркістанда алғаш рет вирусологиялық зертхана ашылды. Соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған нысан инфекциялық қауіпті вирустарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Зертхананы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірлесіп, Пандемиямен күрес қоры жобасы аясында іске асырды.

Инфекциялық вирустарды ерте анықтауға арналған вирусологиялық зертхана облыстық Ұлттық сараптама орталығында ашылды. Бұрын облыста мұндай зертхана болмағандықтан биоматериалдар басқа қалаларға жіберіліп, қорытындысы да кешігіп жататын. Енді мамандар жаңа зертхана облыстың диагностикалық әлеуетін арттырып, зерттеулерді жедел жүргізуге және биологиялық үлгілерді тез анықтауға мүмкіндік беретінін айтады.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Вирусологиялық зертхана болғандықтан түрлі вирустарды анықтауға болады. Қызылша, түрлі гепатиттердің, тұмау вирусы, ОРВИ вирусы, жүздеген, мыңдаған вирус түрлерін анықтауға болады. Күніне 300-500-ге дейін вирустарды анықтауға қауқарлы. Облыстық зертхана болғаннан кейін басқа аудандардан барлық биоматериалдарды осында алып келіп тексереді.

Зертхана қажетті заманауи медициналық құралдармен толық жабдықталған. Мұнда биоматериалдарды сақтауға арналған мұздатқыштар бар. Бастысы, білікті мамандармен қамтылды.

Скендер Сыла, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арқылы Қазақстанда бүгінге дейін мыңнан астам маман оқытылды. Оның ішінде осы Түркістан өңірінен 50-ге жуық маман білім толықтырды. Одан бөлек, Шымкент, Алматы және Астана қалаларындағы осындай зертханалар қайта жаңғыртылуда. Бұл Қазақстаннның денсаулық сақтау саласы үшін үлкен жетістік. Біз бұл саладағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Айта кетейік, Қазақстан екі жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемиямен күреске бөлінген 19,2 млн доллар қайтарымсыз грантты ұтып алды. Қомақты қаржы еліміздегі эпидемиологиялық бақылауды күшейтуге, зертханалардың жұмысын жақсартуға және медицина қызметкерлерін оқытуға бағытталды. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: