Оралда ревматолог мамандар тапшы

Батыс Қазақстан облысында дәрігер жетіспейді. Әсіресе ревматологтар тапшы. Өңірде ревматикалық ауруға шалдыққан науқастарды 12 маман емдеуі тиіс болса, қазір тұрақты штатта небәрі үш дәрігер.

Дегенмен ақ желеңді абзал жандар қол қусырып отырған жоқ. Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында былтыр ревматология орталығы ашылды. Осы жерде гендік-инженерлік биология және буынішілік инъекция кабинеті жасақталды.

Тамара Каштан 14 жылдан бері ревматоидты полиартрит пен ауыр остеопорозбен күресіп келеді. Бұрын көмек алу үшін басқа қалаларға баруға мәжбүр еді. Қазір Оралда емделеді. Былтыр облыстық ауруханада ревматологиялық орталық ашылды.

Тамара Каштан, қала тұрғыны:

- 2012 жылдан бастап Мәскеуде емделдім. Үш жыл қатарынан Самарада болдым. Қазір осында емделіп жатырмын. Бұл бөлімше, әрине біз үшін жақсы болды. Мұнда бізді емдейді, жүйелі ем салады. Жаңа ғана массаж бен электрофорезге барып келдім. 

Ревматологиялық аурулар – бұл тек сыздаған буын емес. «Олардың кейбіреуі бірден бірнеше мүшені зақымдайды және емделмесе, тез өршіп кетуі мүмкін», - дейді дәрігерлер. Бұл ретте ауру байқатпай басталады. Мысалы, таңертеңгілік дене құрысуы, буындардың ауыруы немесе ісінуінен білінеді.

Әлия Құдасова, ревматолог дәрігер:

- Ағзаның иммундық жүйесі бұзылып, өз тіндері мен дәнекер тіндеріне щабуыл жасайтын аутоиммундық созылмалы ауру болып табылады. Бұл аурулар өте жиі кездеседі қазіргі таңда. Әсіресе ковидтен кейін өте жиілеп кетті. Соның бірі ревматоидты артрит, анкилоздаушы спондилоартрит, жүйелі қызыл жегі, жүйелі васкулиттер, остеопороздар қазіргі таңда көп кездесіп жатыр. Облыс бойынша үш ревматология дәрігеріміз бар, ол аздық етеді. Негізінде 12 ревматолог дәрігер болуы керек. 

Өңірде сырқат сырын анықтайтын құрал-жабдықтар да жетіспейді. Остеопороз, яғни сүйек тозуы сырқатын анықтайтын денситометрден өту үшін науқастар көрші Ресейге, не Астана, Алматыға баруға мәжбүр. Дегенмен өңір дәрігерлері қол қусырып отырған жоқ.

Әлия Құдасова, ревматолог дәрігер:

- Бізде қазір орталықта гендік-инженерлік биологиялық кабинет, буынішілік инъекция жасайтын кабинет ашылды. Соның арқасында біз заманауи емдеуге қол жеткізіп жатырмыз. Қазіргі кезде остеопороз жас науқастар жиілеп кетті. Бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың шектелуі, артық салмақ, витамин Д3, кальций жетіспеуі. Соның шінде кола, фастфудтар, энергетикалық сусындар. 

Өңірде ревматикалық ауруға шалдыққан төрт жарым мың тұрғын есепте тұр. Дертпен күрес жемісті болу үшін оны ерте анықтау маңызды, дейді мамандар. Сол себепті де жалпы тәжірибедегі дәрігердердің басын қосқан үлкен кеңес өтті. Астанадан келген білікті мамандар қарапайым емханада елеусіз деп қабылдануы мүмкін күрделі жағдайларды талдап берді.

Салтанат Туғанбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс нефрологы:

- Ауруды ерте анықтауға, оның алдын алуға және мүгедектікке әкелетін өршімелі ауруларды болдырмау мақсатында осы конференцияны өткізіп жатырмыз. Қазір біздің арсеналымызда жаңа препараттар бар. Бірақ ол үшін бізге клиникалық белгілерді нақты білу керек, алғашқы медициналық қызмет уақытылы әрекет етуі тиіс. 

Қазір ревматолог мамандығына резидентурада оқып жатқан жастар көбейген. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы осы арқылы келешекте өңірде маман тапшылығы жойыларына сенімді. Жыл басынан бері облыстағы емдеу мекемелеріне 127 жас дәрігер келді. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерге жұмысқа орналасқан.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: