Қазақстанда санитариялық авиация жылына 2 мыңға жуық шұғыл ұшуды орындайды
Қазақстанда санитариялық авиация жыл сайын 2 мыңға жуық шұғыл ұшуды жүзеге асырады, деп хабарлайды «24KZ». Санитариялық авиация борттары ауыр жағдайдағы пациенттерді шалғай аудандардан мамандандырылған клиникаларға жеткізіп қана қоймай, қажет болған жағдайда шетелден де азаматтарды елге эвакуациялайды.
Медициналық авиация тек пациенттерді тасымалдаумен шектелмейді. Ол жол бойы медициналық көмек көрсетуді, бейінді мамандарды науқастың орналасқан жеріне жеткізуді және қажет жағдайда операцияларды тікелей сол жерде жүргізуді қамтамасыз етеді.
Статистика көрсеткендей, азаматтардың өмірін сақтап қалу мақсатында жыл сайын 2 мыңға дейін ұшу орындалады. Мәселен, 2026 жылдың сегіз айында медициналық авиация 1 495 рет ұшып, 1 543 пациентті тасымалдады. Сондай-ақ дәрігерлер қашықтан 4 703 консультация өткізген.
Егер азамат шетелдік клиникада ауыр жағдайда қалып, медициналық көрсетілімдерге байланысты елге тұрақты әуе рейсімен орала алмаса, оны арнайы медициналық сүйемелдеумен жеткізу ұйымдастырылады:
2025 жылы: Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Қырғызстан және Мысырдан 9 халықаралық ұшу жүзеге асырылды.
2026 жылдың 8 айында: Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстаннан тағы 9 халықаралық ұшу орындалды.
Санитариялық авиацияның жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарады. Бұл жүйе қажетті клиникаға дейінгі қашықтыққа қарамастан, ел азаматтарына шұғыл әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді үздіксіз қамтамасыз етіп отыр.