Павлодар облысында санитарлық авиация қызметіне сұраныс артты
Павлодар облысында медициналық авиация қызметіне сұраныс жоғары.
Тоғыз айдың ішінде 80-ге жуық шақырту түскен. Әуе көлігімен көбіне инсульт, миға зақым келген жағдайлар, жүрек-қан тамырлары аурулары және шала туған нәрестелер жеткізіледі. Ал жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен науқастарға оқиға орнында шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.
Медициналық авиация қызметінің қарамағында әуе көлігімен қатар жерүсті көлігі де бар. Мобильді бригада шақырту түскеннен кейін 30 минут ішінде оқиға орнына аттанады. Бір тәулікте қызметке шамамен 10 өтініш түседі. Олардың әрқайсысы жедел әрекет етуді талап етеді.
Алмагүл Бесембинова, облыстық жедел жәрдем станциясы санитарлық авиация меңгерушісі:
- Бүгін бізге екі тапсырыс түсті. Енді оны біз автокөлікпен орындаймыз. Өйткені бүгін біздің ауа райы қолайсыз, сондықтан оны автокөлікпен әкелеміз. Біреуіне операция жасайды ол коронарография деген кардиорталықта, бізде жасалады. Ал екінші, ол ОНМК инсульт орталығына барады.
Алғашқы медициналық көмекті халықаралық стандарттар бойынша дайындықтан өткен білікті реаниматологтар көрсетеді. Мамандардың айтуынша, науқастарды облыс орталығына қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі көлік түрі – әуе көлігі.
Алмагүл Бесембинова, облыстық жедел жәрдем станциясы санитарлық авиация меңгерушісі:
- Ауданда мүмкіндік жоқ, негізінде олар өте жас дәрігерлер келеді және олардың деңгейлері басқа. Инсульттік және кардиоорталықтар жоқ болған соң олар облыстық үшінші деңгейге жіберіледі, бұйрық бойынша.
Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы тәулік бойы кезекшілікте болады. Шақырту түскен сәттен бастап экипажға белгілі бір уақыт аралығы беріледі. Оның ішінде әуежайға жетіп, әуе кемесін ұшуға дайындау жұмыстары қамтылады.
Азамат Асылхан, ҚР ТЖМ «Қазәуеқұтқару» тікұшағының екінші ұшқышы:
- Әр ұшқан сәттер олар өздерінің ерекшеліктері болады. Тапсырыс беруші адамға байланысты болып келеді. Мысалы, ТЖ министрлігімен жұмыс барысында біз құтқарушыларды өзімізбен бірге бортта тасимыз. Одан бөлек біз ұлттық шұғыл медицина орталығымен бірге ұшатын болсақ, ондай кезде біз медицина сарапшыларын, медицина адамдарын өзімізбен бірге тасимыз.
Құтқару жұмыстары әуе кемесінің бортында басталады. Дәрігерлер реанимациялық көмек көрсетіп, науқастың жағдайын тұрақтандырады. Жыл басынан бері медициналық авиация қызметі 80-ге жуық жедел рейс орындады. Науқастардың басым бөлігі шалғай аудандардан облыс орталығына жеткізілген.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков