Қазақстанда алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен күрделі операция жасады
Қазақстанда алғаш рет Алматы онкология орталығының хирургтары роботтандырылған жүйенің көмегімен асқазанға үлкен хирургиялық тілік жасамай күрделі операция жасады, деп хабарлайды «24KZ» Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл - орталық мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция. Бұған дейін мұндай әдіс тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің ауруларын емдеу кезінде қолданылған болатын.
Операция барысында маíызды анатомиялық құрылымдарды айқындауға мүмкіндік беретін ICG-навигациясы қолданылып, онкологиялық қағидаттарға сай D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.
Алматы онкология орталығы онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаевтың айтуынша, роботтандырылған жүйе хирургқа жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге, үш өлшемді үлкейтілген кескін арқылы қолжетімділігі қиын аймақтарда күрделі манипуляциялар жасауға жол ашады. Сонымен қатар бұл жүйе қолдың табиғи микродірілін сүзгіден өткізеді.
Пациент үшін бұл технология үлкен тіліктердің орнына шағын тесіктер арқылы ота жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте жарақаттылық азайып, науқас барынша тез қалпына келеді.
Айта кетейік, орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалса, соның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады. Мұндай заманауи технологияларды енгізу онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, ең күрделі оталарды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.