Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау басталды
Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Халықты тегін иммундау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге жөнелтіле бастады, деп хабарлайды «24KZ».
Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны 5 қазанға дейін жеткізу жоспарланған. Медициналық ұйымдарға препарат түскен жерлерде вакцинациялау басталды.
Биыл маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау үшін ресейлік өндірістің «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.
Тегін вакцинациялау бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына осал азаматтарға жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен ондағылар, сондай-ақ инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.
Мамандар вакцинациялау үшін қазан айының қолайлы кезең екенін атап отыр. Вакцинадан кейін иммундық қорғаныс қалыптасуы үшін уақыт қажет.
Нысаналы топқа кіретін азаматтарға вакцинациялау тәртібі туралы ақпарат алу үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгіну ұсынылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз