МӘМС жүйесі: қандай қызметтер тегін?
Ал екпені тегін алуға болады.
Тіпті скринингтен өту, ауруханада ем қабылдау, тегін дәрі-дәрмекпен қамту, тіпті санитарлық авиациямен эвакуациялау - мұның бәрі медициналық көмектің мемлекеттік кепілдіктер жүйесіне кіреді. Оның үстіне кейбір қызметтерді алу үшін енді сақтандырылған мәртебесінің болуы міндетті емес. Қандай медициналық көмекті тегін алуға болады және мұндай көмек кімдерге көрсетіледі?
Астана тұрғыны Мақан Сейдахметовтың денсаулығы кенеттен сыр беріп, қолы ауыра бастады. Ол үйге дереу жедел жәрдем қызметін шақырды. Дәрігерлер науқасты ауруханаға жеткізді. Диагнозы инсульт.
Мақан Сейдахметов, Астана қаласының тұрғыны:
- 28-і күні таңғы сағат 10-дар шамасында жағдайым нашарлады. Қолым көтерілмей қалды. Жедел жәрдем шақырдым. Олар келіп, қан қысымын өлшеді, қан тапсырдым, жүрегімді тексерді. Көрсетілген көмекке көңілім толады. Тіпті гимнастика, емдік дене шынықтырумен де айналыстық. Толық тексеріліп шықтым. Компьютерлік томография да, ультрадыбыстық зерттеу де жасалды. Бәрі талапқа сай болды.
Тек кеселдің асқынғанын күтпей, дәрігерге дер кезінде қаралған жөн. Емханаларда скринингтік тексерулер жүргізіледі. Кез келген адам артериялық гипертензия, глаукома, қант диабеті және онкологиялық аурулардың үш түрі - сүт безі, жатыр мойыны және колоректалды қатерлі ісіктің бар-жоғын тексерте алады.
Гүлнара Сәрсенбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
- Азаматтар емханаға тіркелгеннен кейін осы қызметтердің барлығын алуға толық құқылы. Ол үшін емханаға жүгініп, өз учаскелік дәрігерін білуі керек. Дәрігер скринингтік бағдарламаға сәйкес, жасына қарай қандай тексеруден өту қажеттігін хабарлайды. Биыл қабылданған заң бойынша азаматтарға SMS-хабарлама жіберу міндеттелді. Қазір бұл жүйе іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ мемлекет сақтандырудың бар-жоғына қарамастан, медициналық көмек көрсетілетін аурулардың жеке тізімін бекіткен. Биыл оған әлеуметтік маңызы бар 11 ауру санаты енгізілді.
Гүлнара Сәрсенбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
- Олардың қатарында АИТВ инфекциясы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, туберкулез, вирустық гепатиттер, бауыр циррозы, дәнекер тін аурулары, эпилепсия, онкологиялық аурулар бар. Соңғы алты айдағы жедел инфаркт, бір жылға дейінгі инсульт және орфандық аурулар да осы тізімге кіреді.
Мемлекеттік кепілдіктер дәрі-дәрмектерді де қамтиды. Биыл оған 340 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазірдің өзінде 3,5 миллионға жуық қазақстандық дәрі-дәрмек алып үлгерді. Ал жергілікті ауруханларда қажетті ем-дом көрсетілмесе, санитарлық авиация қызметі жұмылдырылады.
Ержан Әділбеков, ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
- 9 халықаралық тасымал жүзеге асырылды. Географиясы кең. Осыдан екі апта бұрын азаматтарымыз Қырғызстанның Ош қаласында жол апатына ұшырады. Ерлі-зайыптының омыртқасы мен жамбас сүйектері сынған. Біздің ұшақ барып, оларды елге жеткізді. Қазір осында ем қабылдап жатыр.
Биыл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Дариға Ташенова, Айдана Кәрімова, Ержан Рахманбердиев