Бүгін – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні
Атаулы дата қоғам назарын психикалық саулық мәселелеріне аударып, алдын алу мен көмек көрсету шараларын күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл психикалық дерттерді бастан өткерген адамдардың тәжірибесі мен пікірін ескеруге, сондай-ақ оларды әлеуметтік үдерістерге белсенді тарту мәселесіне ерекше назар аударылмақ. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде түрлі менталды дерттерге тап болған адамдардың саны бір млрд-тан асады. Бұзылыстардың ішінде ең жиі кездесетіні – мазасыздық пен депрессия. Мазасыздықтың өзінен жаһанда шамамен 470 млн адам зардап шегеді, оның көбі – әйелдер. Психикалық денсаулық мәселелерінің экономикалық салдары да орасан. Мамандардың бағалауынша, депрессия мен мазасыздық еңбек өнімділігін төмендетеді. Салдарынан әлем экономикасына жыл сайын шамамен 1 трлн доллар шығын келіп отыр.