Қарағандыда 19 күндік сәбидің жүрегіне күрделі операция жасалды
Қарағандыда 19 күндік нәрестенің жүрегіне күрделі операция жасалды. Сәби қанның өкпеден жүрекке қарай қалыпты ағуына кедергі келтіретін туа біткен ауыр жүрек ақауымен дүниеге келген, деп хабарлайды 24KZ.
Отаға Астанадан келген балалар кардиохирургтері және Қарағанды облыстық көпбейінді кардиологиялық орталығының мамандары қатысты. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай күрделі хирургиялық операция өңірде көп жылдан бері жасалмаған. Елорда мен өңір мамандарының бірлескен жұмысы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл болашақта осындай күрделі операцияларды қарағандылық дәрігерлердің өз бетінше жасауына жол ашпақ.
Ғанибек Ақжанов, облыстық Көпбейінді кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі:
– Мұндай ота алдағы уақытта да жасалатын болады. Жалпы осыған ұқсас диагнозбен дүниеге келетін балаларға жасалатын операция саны азайып келеді. Бұған перинаталдық диагностиканың жақсаруы, яғни туа біткен ақауларды жүктілік кезінде ерте анықтау мүмкіндігінің артуы себеп. Биылдың өзінде жүрек дертіне шалдыққан 85 балаға ота жасалды.